– Евгений Андреевич, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы кезеңдегі Ассамблея қызметінің ең маңызды нәтижесі деп нені айтар едіңіз?

– Менің ойымша, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық қызметіндегі басты жетістігі – еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы жасампаздық рөлі. Қанша жерден қарапайым естілсе де, Ассамблея – қоғамымызды топтастыратын бірегей институт. Ол – түрлі этностар арасындағы салиқалы әрі достық қарым-қатынастардың кепілі. Сонымен қатар, Президент – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған маңызды және тағдырлы реформалар жүргізу үшін тірек болды. Бұл ретте Ассамблея халықпен байланыс орнатушы және реформалардың мәні мен мақсаттарын кеңінен түсіндіруші құрылым ретінде қызмет етеді. Бірлік арқылы осы реформалардың сәтті жүзеге асырылуына ықпал етеді.

– Мерейтой аясында Ассамблеяның депутаттар тобы қандай шаралар өткізуді жоспарлап отыр?

– Жыл бойы республика көлемінде түрлі бағыттарды қамтитын ауқымды мерейтойлық шаралар бағдарламасы жоспарланып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Сенаттан сайланған бес депутат осы шараларды әзірлеу мен өткізуге тікелей атсалысуда. Әр депутат бір ірі қоғамдық жобаны жетекшілікке алды. Олардың қатарында «Жомарт жан» орталығы аясындағы қайырымдылық және меценаттық қызмет, мәслихаттар және Парламентпен өзара іс-қимыл, жастармен жұмыс, медиа қауымдастықпен байланыс, сондай-ақ Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысы бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, барлық іс-шараларға Ассамблея атынан сайланған Сенат депутаттары тікелей қатысады. Өзіме келсек, мен «Жомарт жан» жобасының жетекшісі ретінде халықтың мұқтаж топтарын қолдауға қатысты күш-жігерді біріктіруге бағытталған жұмысты жүргізіп жатырмын. Бұл – қайырымдылық мәдениетін дамыту, меценаттар мен демеушілерді қоғам үшін маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруға жұмылдыру.

– Ассамблеяның болашағын қалай елестетесіз?

– Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының зияткерлік және адами әлеуеті өте жоғары екеніне кәміл сенемін. Бұл бізге ең күрделі әрі өзекті міндеттерді де қойып, шешуге мүмкіндік береді. Ассамблеяның қуатты жастар қанаты бар, ғалымдар мен сарапшылардың зор әлеуеті шоғырланған, медиация бағыты да жақсы дамыған. Яғни, Қазақстан халқы Ассамблеясы тек этномәдени бірлестіктерді біріктіретін ұйым емес, ол – сан түрлі жобаларды жүзеге асыратын топтастырушы алаң. Тек 2024 жылдың өзінде Ассамблея желісі бойынша 10 мыңға жуық әртүрлі бастама мен іс-шара жүзеге асырылды. Бұл – азаматтық қоғамды, волонтёрлікті, қайырымдылықты, патриотизм мен ұлттық бірегейлікті дамытуға қосқан елеулі үлес. Осының бәрі, сөзсіз, Қазақстан халқы Ассамблеясының жасампаздық күн тәртібін алға жылжытатын қозғаушы күш ретінде одан әрі дамуының негізі болып табылады.

– Мерейтой жылы қазақстандықтарға қандай тілектеріңіз бар?

– Мерейтой жылы барша қазақстандықтарға бірлік, бейбітшілік, келісім, мейірімділік пен өзара көмек тілеймін. Бір-бірімізге жанашыр болып, жанымыздағы адамның қолдауын сезініп, бірге барлық қиындықтарды еңсерейік. Әсіресе, осы жылы Ассамблея аясында бейбітшілікті сақтау жолында аянбай еңбек еткен аға буын өкілдеріне ерекше құрмет көрсетуіміз керек. Арамызда сондай құрметке лайық жандар аз емес. Ардагерлеріміздің еңбегін лайықты бағалап, зор қошамет көрсететініміз анық.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь