Алматы шетелдік инвесторлар үшін басты орталықтардың бірі болып қала береді. Әсіресе неміс компаниялары бұл жерде белсенді жұмыс істейді – өндірістік жабдықтардан бастап логистика, фармацевтика және қызмет көрсету салаларына дейін. Неміс бизнесі үшін Қазақстандағы болжамды реттеу ортасы өте маңызды, және Алматы осы сенімділік деңгейін жылдар бойы сақтап келеді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа №214-VIII Салық кодексі күшіне енеді. Ол қолданыстағы салық жүйесін жаңғыртуға, әкімшілендіруді жеңілдетуге және ойын ережелерінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Бұл әсіресе неміс компаниялары үшін маңызды: олардың көпшілігі Алматыда ондаған жылдар бойы жұмыс істеп, ірі ұзақмерзімді жобаларды жүзеге асырып келеді және өңірдегі қатысуын кеңейтуді жоспарлайды. Жаңа құжат олардың Қазақстанның салықтық ортасына деген сенімін күшейтуге арналған.
Біз бизнеске қандай өзгерістер күтіп тұрғанын, жаңашылдықтар шетелдік компаниялардың жұмыс жағдайларын қаншалықты жақсартатынын және бүгіннен бастап нені ескеру қажет екенін Schneider Group Қазақстан компаниясының салық директоры, Алматыдағы салық сарапшысы Мария Назаровадан сұрадық.
– Кәсіпкерлер қандай негізгі өзгерістерге назар аударуы керек?
– Қазақстандағы кәсіпкерлер – жеке тұлғалардан ірі компанияларға дейін –
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін өзгерістерге қазірден бастап дайындалуы қажет.
Реформаның басты бағыттары: негізгі салық ставкаларын қайта қарау, жаңа салық және арнайы режимдер, салықтық әкімшілендіру мен бақылауды күшейту, сонымен қатар инвестициялық жобалар мен АЭА бойынша жеңілдіктерді қолдану шарттарын нақтылау.
Егер нақты айтсақ, НДС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға дейін артуын атап өткім келеді. Сонымен бірге жекелеген салық төлеушілер үшін (дәрі-дәрмек өндірушілер, медициналық бұйымдар мен қызметтер көрсететін компаниялар) төмендетілген мөлшерлемелер енгізілді – 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10%.
Банктер үшін КТС ставкасы 25%-ға дейін көтеріледі, бұл банк қызметтерінің құнына әсер етуі мүмкін. Ал ЖТС бойынша прогрессивті шкала енгізіледі – белгіленген шектен жоғары табыс үшін 15% дейін. Сонымен қатар стандартты шегерім (2026 жылдан бастап – базалық шегерім) 14 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, бұл көпшілік қызметкерлер үшін оң өзгеріс.
Бизнес-қауымдастықта ең көп талқыланып жатқан нормалардың бірі – компаниялардың жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлермен және өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен жасалған операциялар бойынша шығыстарды шегерімге жатқыза алмауы. Бұл жиі осындай контрагенттермен жұмыс істейтін ШОБ-ты тікелей әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар жеке тұлғаларды тіркеу тәсілдері өзгеруде. 2026 жылдан бастап азамат өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы режимді қолдана алады, егер жұмысшы жалдамаса және айлық табысы 300 АЕК-тен аспаса. Жеңілдетілген салық режимінде (упрощёнка, шағын бизнеске арналған СНР, өзін-өзі жұмыспен қамту) жұмыс істейтіндерге өздерінің қазіргі режимге сәйкестігін тексеру маңызды.
Әкімшілендіру саласында шетелдік активтер мен цифрлық активтер бойынша ақпаратты ашуға жаңа талаптар енгізілуде. Құжаттарды, электронды чектерді, есептік деректерді сақтау мерзімі бес жылға дейін ұлғайтылды.
Жалпы, бизнес қазірден бастап ішкі «салық аудитін» жүргізіп, өзгерістердің бағаларға, маржаға және салық жүктемесіне қалай әсер ететінін бағалап, есеп саясатын жаңа ставкалар мен ережелерге сәйкес жаңартуы қажет.
– Жаңа құжат бизнес үшін салық жүйесін анағұрлым ашық әрі болжамды етеді деп айта аламыз ба?
– Жалпы алғанда – иә. Жаңа Салық кодексі салық жүйесінің ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға бағытталған, бірақ көп нәрсе оның іс жүзінде қалай қолданылатынына байланысты.
Позитивті өзгерістердің қатарында: 2018 жылдан бері жинақталған қайталанатын және қайшы нормалар жойылды, кодекстің құрылымы салық түрлері бойынша анағұрлым логикалық болды, жеңілдіктер мен шегерімдер бойынша бірыңғай тәсілдер енгізілді, бұл салық органдары тарапынан еркін түсіндіру мүмкіндігін азайтады.
Сонымен бірге НДС пен ЖТС бойынша негізгі өзгерістер, жаңа арнайы режимдер кезең-кезеңімен енгізіледі, ал кейбір санаттар үшін 2027 жылға дейін өтпелі кезең қарастырылған.
Цифрландыру күшейеді: электронды тексерулер, онлайн өзара іс-қимыл, бірыңғай салық шоты. Инвестициялық жобалар үшін «салықтық жағдайлардың өзгермеуі» принципі бекітілген – жеңілдіктер жоба мерзімі ішінде нашарлай алмайды. Сонымен қатар салық заңнамасына енгізілетін болашақ өзгерістер міндетті түрде жария талқылауға шығарылады.
Бірақ нақты болжамдылық нормалардың қаншалықты жылдам және сапалы түсіндірілетініне, сондай-ақ салық органдарының оларды қаншалықты бірізді қолданатынына байланысты болады.
– Қандай жаңашылдықтар отандық компанияларға ең үлкен әсер етеді?
– Ең бастысы – салық жүктемесінің өсуі және әкімшілік күрделіліктің сақталуы. НДС ставкасының өсуі мен жеңілдетілген режимдегі контрагенттерден алынатын шығыстарды шегерімге жатқызу шектеулері әсіресе маржасы төмен компаниялар үшін шығындарды арттырады.
Кодекс құрылымындағы жеңілдетулерге қарамастан, есептілік, тексерулер мен құжат айналымы күрделі болып қала береді және кәсіби сүйемелдеуді қажет етеді. Автоматтандыру адам факторының бір бөлігін азайтқанымен, НДС немесе трансферттік баға белгілеу сияқты даулы мәселелерде субъективті шешімдер тәуекелі сақталады.
Жаңа арнайы салық режимдеріне қатысты да көптеген сұрақтар бар – олардың қолдану тәртібі 2025 жылдың соңына дейін бекітілуі тиіс.
– Жаңа Салық кодексі Қазақстанның инвестициялық климатын жақсарта ма?
– Иә, бірақ әсері екіжақты болады. Бір жағынан – жаңа кодекс жүйені түсінікті және тұрақты етеді; екінші жағынан – ставкалардың өсуі және өтпелі кезеңдегі белгісіздік инвесторлардың сақтық танытуына себеп болуы мүмкін.
Позитивті тұстар: инвестициялық жобалар мен АЭА үшін салықтық жағдайлардың өзгермеуі принципі, болашақ өзгерістердің жария талқылануы, КТС және мүлік салығы бойынша жеңілдіктердің экономикалық тиімділікке негізделуі, цифрлық әкімшілендірудің күшеюі: бірыңғай шот, автоматты есептен шығару, цифрлық тексерулер, ірі компаниялар үшін салықтық мониторинг туралы келісім жасасу мүмкіндігі.
Бірақ инвесторларға кедергі келтіруі мүмкін факторлар да бар: НДС-тің 16%-ға дейін өсуі, банк секторында КТС-тің 25%-ға дейін артуы, прогрессивті ЖТС, нормаларды түсіндіруде әртүрлі практиканың сақталуы.
Егер іске асыру тұрақты болса, жаңа кодекс инвесторлар сенімін орта және ұзақ мерзімде күшейте алады.
– Өзгерістер шетелдік компанияларды көбірек тартай ма, әлде қосымша кедергілер тудыра ма?
– Жаңа кодекс Қазақстанның салық жүйесін халықаралық стандарттарға, әсіресе ЭЫДҰ қағидаларына жақындатады – трансферттік баға белгілеу, салықтық қашу қағидалары, цифрлық активтерді салық салу жағынан. Бұл шетелдік инвесторлар үшін жүйені түсінікті және ашық етеді.
Сондай-ақ салық органдарымен «бір терезе» қағидасы бойынша өзара іс-қимыл жасау, eGov және АХҚО механизмдерінің интеграциясы сақталады және дамиды. Бұл әкімшілік кедергілерді азайтады.
Алайда басты фактор – практикалық қолдану. Нормалар қаншалықты бірізді жұмыс істейтінін уақыт көрсетеді.
– Қазақстанның салық саясаты Орталық Азиядағы басқа елдермен салыстырғанда қаншалықты бәсекеге қабілетті бола түседі?
– Қазақстан халықаралық стандарттарға және цифрлық әкімшілендіруге бағытталған заманауи әрі болжамды салық жүйесіне қарай қадам жасап отыр. Бұл орта және ұзақ мерзімде елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Бірақ аймақтағы басқа елдер де өз салық жүйелерін белсенді түрде жаңартып жатыр. Сондықтан көшбасшылық позицияны сақтау үшін Қазақстанға жүйені әрі қарай да жетілдіріп, оны бизнес үшін одан да қарапайым, тұрақты және қолайлы ету қажет.
– Мазмұнды сұхбатыңызға көп рақмет.
Автор: Олеся Клименко.
Аударманы дайындаған: Руслан Мүсіреп.
Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia












