Неміс этносының өкілі Эмма Акдәулетова мемлекеттік тілді еркін меңгерген жан. Ол пісіретін бешбармақ пен штрудлидің дәмі тіл үйіреді, әулеттің үлкені ретінде ақыл-кеңес беріп, бата жасайды.

Ставрополь өлкесіндегі Каново ауылында Бальцер отбасы көпке үлгі болатын. Ер-азаматтар мал бағып, жер жыртса, әйелдер үй шаруасымен айналысатын. Эмма әсіресе жүзім мол шыққан жылы дүние есігін ашты… Жаймашуақ кезең жылжып өтіп, 1941 жыл да келіп жетті…

Өмірімнің өткен кезеңдері жиі еске түседі. Кейде көзіме жас келгенімен, көбіне күлімсіреп еске аламын. Меніңше, бақыттың сыры – өзіңе, адамдарға деген сенімде. Өмірде талай рет бейтаныс жандар қолұшын созды. Немере-шөберелерімді көріп, олардың жетістіктеріне тәубе деймін.

– Әкем мен ағамды алып кетті, ал біз – анам мен алты бала кіндік қанымыз тамған жерден күштеп көшірілдік. Бізді Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Танаберген ауылына жер аударды. Сақылдаған сары аяз қысып, аштық жайлаған шақта жергілікті халық көмек қолын созды. Жер аударылғандарды құшақжая қарсы алып, барымен бөлісті, – деп еске алады Эмма Давыдовна.

Тірі қалу үшін өлместің күнін көрді. Жеуге жарайтынның бәрін талғажау етті. Итмұрынды кептіріп, қыста компот қайнатты, мия тамырынан шай әзірледі. Қызылшаны қақтап жеді, картоп крахмалынан кисель дайындады. Ересектер колхозда бел шешпей еңбек етсе, балалар масақ терді…

– 13 жасымда анамнан айырылдым. Марқұм маған өмірдің қыр-сырын үйреткен қасиетті жан еді. Тамақ пісіруге де, еңбек етуге де баулыды. Май шамның жарығымен көрпе-төсекке оюлап кесте тіктік. Ал 14 жасымнан бастап сиыр саудым, – дейді кейіпкерім.

Нұрлыбек Ақдәулетов сол кезеңде Ойыл ауданына қарасты Ғабатай ауылында дүниеге келген. Арада он жыл өткенде Ақдәулетовтер отбасы Танабергенге қоныс аударды. Олар бір мектепте оқыды, тай-құлындай тебісіп өсті, бір нанды бөліп жеді. Есейе келе Эмма мен Нұрлыбек бір-бірімен табысып, үлкен өмірге бірге қол ұстасып аттанды.
1957 жылдың мамыр айының шуақты күндерінің бірінде неміс қызы Эмма Бальцер мен қазақ жігіті Нұрлыбек Ақдәулетов шаңырақ көтерді.

– Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда дәстүрлі үйлену тойымыз болған жоқ. Артымнан жасауым да келмеді. Ала таңнан кешке дейін бел шешпей еңбек еттік. Қай кезде болмасын бір-бірімізге сүйеу бола білдік. Бос уақытымызды мағыналы өткіздік. Біздің полиэтносты ауылымызда кешкісін жастар клубтың жанына жиналып, ән айтып, би билейтінбіз, – деп еске алады Эмма Давыдовна.

Бір жылдан кейін жас отбасының тұңғышы дүниеге келді. Сол кезде-ақ Нұрлыбекті Алматы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіру туралы шешім қабылданды.

– Білім алудың маңыздылығын түсіндік. Мен балаларды бағып-қағып, жұмыс істесем, күйеуім білімін жетілдірді. Ол өте ақылды адам еді, үнемі әлденені сызып жататын, – дейді кейуана.

Институтты тәмамдаған соң Нұрлыбек Ақдәулетовті Ақтөбедегі «Қазсельхозтехникаға» жіберсе керек. Кейін Шұбарқұдыққа ауыстырды. Білікті инженердің даңқы бүкіл облысқа жайылды. Оны күрмеуі қиын учаскелерге сұрататын болды. Күйеуімен бірге бес баласын ертіп Эмма да көшіп отырды. Балаларды тәрбиелеп, үй мен түздің шаруасын дөңгелетті. Алға ауданына қарасты М. Горький атындағы совхозда балабақшаға аспаз да болды. Біраз жыл өткен соң Шевченко атындағы совхозға қарасты Қарабұтақ ауылына қоныс аударды. Бұл жерде Эмма Давыдовна асхана меңгерушісі бола жүріп, өзінің әйгілі консервілерін дайындаумен танылды.

– Бұл жерде көбіне бір тамшы жаңбыр тамбайтын құрғақшылық болғандықтан, тірі пенде бау-бақша екпейтін. Мен жергілікті тұрғындарға көкөніс пен жидек өсіруді, тұздап, бұқтыруды үйреттім. Штрудли мен бешбармақ, түрлі бәліш пісірдім.

1981-2002 жылдары Ақдәулетовтер Пацай совхозында еңбек етті. Онда да бау-бақша егіп, төрт түлік мал асырады. Егістік даласындағы еңбектің қиындығына көз жеткізген Нұрлыбек жұмысты жеңілдету жолдарын қарастырды. Өнертапқыштық ұсыныстарын Ленинградтағы ғылыми-зерттеу институтына апарып, жоғары баға алды. Сауын аппараттары мен комбайн механизмдерін жетілдіргені үшін қомақты қаражат та алған кезі болды. Үйге де түрлі құрал-жабдық жасады. Анасының туған күніне арнайы келі-келсаптың жаңа үлгісін сыйға тартты. Бұл агрегат үлкен қалақтары бар кофе тартқышқа ұқсайтын және тарыны көзді ашып-жұмғанша болмай тазалап отыратын. Кейін бұл өнертабысы «Актюбсельмаш» зауытында өндіріске енгізіліп, сатылымға да шықты.

Ақдәулетовтер әулетінің ақ дастарханы әрдайым мол болатын. Қазақтың (бешбармақ, қуырдақ), немістің (штрудли) тағамдары, сондай-ақ голубцы, вареники мен пельмен әзірленді. Эмма Ақдәулетоваға асты дәмді етіп пісіруді кезінде анасы мен енесі баулыды. Қазір дәмді ас дайындауды немерелеріне үйретіп отырады. Айтқандайын, немерелерінің бірі бүгінде Ақтөбедегі танымал мейрамхананың бас аспазы.

2002 жылы Эмма Давыдовна инсульт алып, сол жақ қол-аяғы жансызданғанда, күйеуі мен балалары барынша қамқорлық танытты.

– Қолымды жаттықтыру үшін қайтадан тоқыма тоқуды қолға алдым. Анам мен енем үйреткеннің бәрін еске түсірдім. Шұлық, шөлке тоқимын. Шөберелерім Көркем мен Еркем де тоқыма тоқуға қызығады. Оларға ата-анам мен ата-енем жайлы әңгімелеймін. Неміс пен қазақтың салт-дәстүрін үйретемін. Неге десеңіз, ата-баба тарихын жадымызда сақтау парыз, – дейді Эмма Ақдәулетова.

Алты жыл бұрын Нұрлыбек ақсақал өмірден озды.

– Бұл бүкіл әулеттің қабырғасын қайыстырып кетті. Бүгінде жеті немере, он бір шөберем бар… Бәріміз бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып дегендейін, бір-бірімізге сүйеуміз. Бұрын жұбайым бата беріп келсе, енді өзім беретін болдым. «Батамен – ел көгерер, жаңбырмен – жер көгерер» демекші, баталы құл – арымас. Қай жердің суын ішіп жүрсек те, бір-бірімізді құрметтеп, сүйе білейік, барымызды бағалай білейік. Сонда ғана шаңыраққа бақыт құсы тұрақтайды, – деп түйіндеді әңгімесін Эмма Ақдәулетова.

Константин Сергеев

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь