Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениеттанушы, Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуез „Deutsche Allgemeine Zeitung“-атты неміс газетіне берген сұхбатында ұлттық жаңғыру оған қаншалықты қымбат болғаны туралы және қазақ халқының салт-дәстүрлері мен бірегейлігін сақтау жолында Герольд Бельгердің атқарған ролі туралы айтып берді.

Мұрат Мұхтарұлының әлемі маған ерекше жарқын болып көрінгені соншалық, мен оны еріксіз ежелгі грек Прометейіне ұқсаттым. Айтпақшы, әңгімеміздің кейіпкері Герольд Бельгер де кезінде Мұрат Әуезді Сократ деп атаған.

Сұхбатымыздың басында Мұрат Мұхтарұлы:
– Сізддің қоңырауыңыз мені бірден өзім аса құрмет тұтатын Герольд Карловичтің әлеміне жетелей жөнелді. Сіз тура уағдаласқан уақытта қоңырау шалдыңыз. Болмысы қаншалықты еркін болса да, Бельгердің бойындағы ұқыптылық пен нақтылық та дәл осындай еді…

– Мұрат Мұхтарұлы, ілтипатыңызға көп рахмет, қуаныштымын. Герольд Карловичпен алғашқы таныстығыңыз туралы айтсаңыз…

– 17 жасымда мен Мәскеуге оқуға кеттім. Негізі, мен өзімнің гуманитарлық салаға талабымды ерте байқап, ерте шештім. Елге университет пен аспирантураны бітіріп, 10 жылдан кейін бір-ақ оралдым. Ол кездері Алматыда өзім құрмет тұтып, жақсы көретін рухани-әдеби мықты орта болатын. Олардың әрқайсысының рухани әлеміңді байытып, өзгерте алатын өзіндік күші болатын. 1960-шы жылдары қазақ әдебиетіне осындай адамдардың келгені аса маңызды болды. Мысалы, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев… Мен Мәскеуде қытай тілін оқып жүргенде, мұнда жаңа процестер жүріп жатты: мен үнемі жазушы достармен хат алысып, хабарласып тұрдым. Сондай әңгемелер барысында олардың қатарын ерекше бір ауқымды, ірі тұлғаның толықтырғанын сезіндім.

Біздің алпысыншы жылдықтар Хрущевтің жылымық кезіне тұспа-тұс келді. Сол кездері рухы биік ірі шығармалар дүниеге келе бастады. Шығармашыл қауымның санасын тұншықтарған тоталитарлық режимнен кейін қоғамға сауығу, ояну кезеңі қажет болды… Міне, дәл сол кездері Алматыдағы осы рухани ортаға уақыттың өзі талап еткен тұлға – Герольд Бельгер келіп қосылды. Алғаш кездескен сәттен мен оған тәнті болдым. Сол алғашқы тәнтілігім Герольд Карловичпен бірге өткен жарты ғасырдай уақыт аралығында еш өшкен емес. Қашанда мен оның жылы да ұлағатты тәрбиелік ықпалын сезіп жүрдім, бұны менің бақытым болар деймін.

–Бельгердің ұлылығының сыры неде деп ойлайсыз?

–Библияда «Танымалдар көп, таңдаулылар аз» деген сөз бар. Мен Герольд Карловичтің бойынан өзгенің жанын түсініп, ортақтаса білу қасиетін байқадым. Ол әрдайым жаны күйзеліп, санасы жұтаң тартқан адамдарға қол ұшын созып, көмегін беруге дайын тұратын. Герольд Карлович Қазақстанға жер аударылған Еділ немістерінің отбасынан шыққан. Ол бала кезінен әділетсіздікті көп көріп өсті, соған қарамастан, ол оның құрбаны болған жоқ. Жүзінен мейірімі кетпеген, ақылды да сыпайы жанның мінезінде нағыз ерлерге тән батылдық болатын. Адамгершілік, адамды сүю және оған деген нағыз жанашырлық, менің ойымша, Бельгер бойындағы іргелі қасиеттер осылар болса керек.

Ол романист, публицист, аударма ісінің білгірі және шебері, жан дүниесі жарық қоғам қайраткері болды. Парасат ұрығының ең биік сапалы дәні оның бойында біте қайнасқан. Қандай істі бастаса да, жан-жағына шуағын шашып, оны айналасына таратып отырды. Бельгер адамдарға олардың басты адами қасиетін қайтарды.

Герольд Карлович – көптеген дәстүрлер мен мәдениеттердің энциклопедиялық білгірі ғана емес, қазақ тілінің де керемет білгірі. Ол тілдің түрлі қырларын, оның этнографиялық әрін, мәнін түйсіне білді. Ғажап. Қазақ сөздіктерінің авторларына асқан біліктілікпен, сенім-сезіммен көмектесіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Мен Бельгердің осындай ерекше біліктілігіне сүйсініп, тамсанған авторлардың біразын білемін. Маған оны тағдырдың өзі қирағанды құрап, жойылғанды жаңғыртып, тұтастық тінін тірілту (әсіресе, тіл мәселесінде) үшін жаратқандай көрінеді.

Қазақтар оны Білгір деп атаған, сонымен қатар кезінде ел арасында «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – Бельгер» деген де сөз болған. Герольд Карлович аудармаларда қазақ сөздерінің орынды қолданылуы туралы көп жазды. Ол тілді тірілтіп, оның дамуына түрткі болды. Сол жылдары Герольд Карловичтің тамаша аудармалары арқасында қазақ тілі мен прозасы жандана түсті.

Оның шығармаларында неміс халқына тән ұқыптылық пен тазалық айқын көрініп тұрды. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының орыс тіліндегі аудармаларын түпнұсқа мәтінімен салыстырып талдағанда, Герольд Карлович өзіне тән асқан тыңғылықтылықпен орасан зор жұмыс атқарды.

– Герольд-аға сізді Сократпен, сондай-ақ Герман Гессенің «Дала бөрісі» романының басты кейіпкерімен салыстырды. Ал сіз Бельгерді кіммен салыстырар едіңіз?

– Мен оны Абаймен салыстырып көрер едім. Бельгер де Абай сияқты халқына адал да әділ болды – ол оған ақыл-өсиет айтып, өмір мен адам жанының құпия тұстарын ашудан қорықпады. Герольд Карловичті мың өліп, мың тірілген қазақ халқына тағдырдың өзі жіберген сыйы деп білемін. Ол осындай жоғары миссияны алып жүруге және шығармашылық білікті батылдыққа дайын адам еді және оны абыройлы атқара да білді. Гераға тумысынан адами рухтың тәрбиешісі болды. Батыс пен шығысты ұштастырды, тарихқа адами тін таратты, мәдениеттің табиғи бірлігін жаңғыртты. Ол – жалпы тарихи ауқымдағы тұлға! Герольд Карлович әрбір айтқан сөзін асқан тереңдікпен, адал да жарқын дәйектермен дәлелдей білді – оның әр сөзі санаңды сергітіп, сезіміңді оятып, сеніміңді арттыра түсті.

Өзінің қалауы бойынша, Герольд Карлович Алматыдағы өзінің қазақ достары жатқан Кеңсай зиратында жерленген. Бельгер әріптес досы Асқар Сүлейменовтің қасында жерленгісі келді. Бір-бірімен 60-шы жылдары кездескен олар рухани үйлесімділік пен адами идеалдарын бірге өсіріп, нығайтып, бірге байытты. Қазақ жері оған мәңгі риза және оның бүкіл өмір жолының жасампаз мәні жылдар өткен сайын ашыла түсері сөзсіз.

– «Тамырлардың Тамыры» кітабы жаны жақын жандардың достығы туралы ма? Сіз бен Герольд Карловичті солардың қатарына жатқызуға бола ма?

– Сөзсіз. Бірақ бұл жерде біз мынаны нақты айтуымыз керек. Менің әкем –ұлы адам, оның көркем әдебиеттегі орны биік, ал менікі әлдеқайда қарапайым. Рас, мен де осы әлемдемін, бірақ салмақ дәрежелеріміз әртүрлі. Бельгермен де сондай: ол –руханияттың дара ұстазы. Ол – таңдаулы, ал мен – танымалдардың бірі ғанамын.

Қытайдан оралған жылдары ұлттық жаңғыру жолында көп іздендім. Сондай күндердің бірінде бір топ жазушылармен бірге Герольд Карловичпен әңгімелесіп отырып, қазақшаға көштім. Сондағы Бельгердің қуанып, «Қараңдаршы, Мұраттың қазақшасы қандай өскен!»-деп сүйсінгені есімнен кетпейді. Мен үшін одан асқан мақтау, одан биік баға жоқ еді. Герольд Карлович өзінің жолын іздеп, жоғары жетістіктерге талпынған адамнан айрықша қолдауын, ізгілік мейірімін аямайтын еді.

– Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Сұхбаттасқан Марина Ангальдт. Орыс тілінен аударған Қалдыгүл Жаныбаева.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia