Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы, WBF, WIBF және WBC International белбеулерінің иегері Ангелина Лукас – Қазақстандағы әйелдер боксының ең танымал өкілі.
Ангелина Тараз қаласында дүниеге келген. Бес жасынан он бір жасқа дейін би билеумен айналысып, түрлі сахналарда өнер көрсетті. Алайда, 12 жасында өмірін түбегейлі өзгертіп, боксқа бет бұрды. Алғашында өзін қорғауды ғана мақсат еткен Ангелина боксты өмірлік серігіне айналдыратынын әсте ойламады. Айта кету керек, аты аңызға айналған Феликс Цой оның алғашқы бапкері болып табылады. Бокстың қыр-сырына үйреткен бапкердің әр кеңесі әлі күнге жадында.
Ангелинаның айтуынша, ол рингтегі бар шеберлігін дәл осы ұстазынан үйренген: «Мен әлем чемпионы атандым, бұл жетістікке мені Тараздағы бокс мектебі дайындады», – дейді спортшы.
Ангелина 16 жасында облыс чемпионы атанып, жасөспірімдер құрамасына, кейін жастар құрамасына қосылды. Шымкентте қалалық бокс федерациясының директоры Рахманбек Арғынбаевтың қарамағында жаттығып, кәсіби деңгейін одан әрі жетілдіре отыра, Қазақстанда ғана емес, шетелдік ареналарда да бірнеше мәрте алтын медаль жеңіп алды.
Кәсіби бокстағы дебюті 2021 жылы өтті. Ал келесі жыл соңында Алматыда өткен додада Ангелина екінші жеңіл салмақтағы UBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін танзаниялық Лулу Каягемен кездесіп, тек екі раундта қарсыласын тізе бүктірді. 2024 жылдың ақпанында Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен жарыста пәкістандық Рома Юсафты алғашқы раундта нокаутқа жіберіп, тағы бір белеске көтерілді.
Бұл Ангелинаның кәсіби рингтегі алтыншы жеңісі болып, әйелдер боксының аңыздары Лейла Али мен Наталья Рагозина иелік еткен белбеуді жеңіп алуына мүмкіндік берді.
20 күнде үш жеңіс – үш нокаут
2025 жылдың ақпанында Ангелина үш кездесу өткізіп, барлығын нокаутпен аяқтады. Түркияның Стамбул қаласында өткен былғары қолғап додасында ол боливиялық Есения Токодан екінші раундта басым түсіп, кәсіби мансабындағы 14-ші жеңісіне қолжеткізді. Бұған дейін Ангелина Мәскеуде өткен „IBA чемпиондар түні“ турнирінде нигериялық Айисат Орийомиді жеңіп, Стамбулда венесуэлалық Джоана Суньигамен де күш сынасты. Бұл кездесуде төрешілер бірауыздан жеңіске қазақстандық спортшы лайық деп таныды.
– Бұл жекпе-жек толық 8 раундқа созылып, менің жеңісіммен аяқталды. Осындай мүмкіндікке ие болғаныма шексіз ризамын. Барша қазақстандықтарға қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын! Әрбір жекпе-жек менің спорттағы өмірімнің бір бөлігі. Бұл жеңістер мені алға жетелейді, – дейді Ангелина.
Аударманы дайындаған: Руслан Мүсіреп.
Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia