Алматы тағы да елдің басты іскер алаңдарының бірі ретіндегі мәртебесін растады. 11 қарашада InterContinental Almaty қонақүйінде Қазақстан Республикасындағы Германия экономикасы одағының (VDW) «Қазақстан Республикасының Салық заңнамасындағы өзгерістер» тақырыбындағы конференциясы өтті. Іс-шараға шамамен жүзге жуық бизнес өкілдері, кеңесшілер мен заңгерлер қатысты. Бұл конференция қаланың экономикалық күнтізбесіндегі маңызды оқиғаға айналды.

Конференция қатысушыларының басты назарында 2026 жылғы 1 қаң-тарда күшіне енетін жаңа ҚР Салық кодексі болды. Сарапшылардың айтуынша, жаңартылған құжат тек салық әкімшілендіру тәсілін өзгертуді ғана емес, Қазақстандағы бизнес дамуына жаңа серпін беруді мақсат етеді. Салық саясатының орталығына алғаш рет бақылау мен жазалау емес, салық төлеушілерді қолдау мен сүйемелдеу қойылуда. Қатысушылардың пікірінше, мұндай тәсіл мемлекеттің және бизнестің өзара сенімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ, әсіресе елдің ең жылдам дамып келе жатқан экономикалық орталығы – Алматы үшін.

Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасындағы Германия экономикасы одағының басшылары сөз сөйлеп, алдағы өзгерістерден күтетін негізгі бағыттар мен үміттерін атап өтті.

Сiemens Kazakhstan компаниясының бас директоры, Қазақстан Республика-сындағы Германия экономикасы одағының (VDW) төрағасы Диас Асанов жаңа салық саясатының экономикалық даму мен мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті: «Салық кодексі – бұл тек бюджетті толықтыру құралы ғана емес, сонымен бірге бизнес пен қоғамның мемлекетке деген сенімінің маңызды көрсеткіші. Инвестициялық климат, экономикалық тұрақтылық және соңғы есепте азаматтардың өмір сапасы – барлығы да жүйелі, болжамды және ашық салық саясатына байланысты», – деді ол.

Диас Асановтың айтуынша, бұл конференция жай сараптамалық пікірталас емес, тәжірибе алмасу алаңы: «Бүгін бізге сарапшылардың тәжірибесін тыңдап, практикалық кеңестер алуға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл өзгеріп жатқан іскер климатқа бейімделудің маңызды қадамы. Зерделі және жауапты салық мәдениетін қалыптастыру үшін мұндай диалог өте маңызды».

Қазақстандағы Германия экономикасы одағының бақылау кеңесінің мүшесі, Орталық Азиядағы Германия экономикасы өкілдігінің басшысы Эдуард Кинсбрунер де өз пікірін білдірді: «Неміс бизнесі Қазақстанда белсенді жұмыс істеп келеді – біз тауарлар мен қызметтер ұсынамыз, инвестиция саламыз. Бірақ мұның бәрін тиімді іске асыру консалтингтік компаниялардың кәсіби қолдауынсыз мүмкін емес. Олар бизнеске мемлекеттік органдармен ашық және сындарлы қарым-қатынас орнатуға көмектеседі», – деді ол.

Эдуард Кинсбрунер соңғы сауалнама нәтижелерін де атап өтті: «Қазақстанда жұмыс істейтін неміс компанияларының 90%-ы нарықтағы жағдайын «өте жақсы» немесе «жақсы» деп бағалады. Тек 10%-ы белгілі бір сын-қатерлерді атап өткен».

Бұл бағалар, спикерлердің айтуынша, Қазақстанның тұрақты дамуына, инвестицияларға ашықтығына және халықаралық іскер қауымдастықтың сеніміне дәлел. Сонымен қатар елдің неміс бизнесі үшін сенімді әрі тартымды серіктес болып қала беретінін көрсетеді.

Салық әкімшілендіруіндегі өзгерістер: ашықтық және бизнесті қолдау

2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер туралы «SCHNEIDER GROUP» компаниясының салық жөніндегі директоры Мария Назарова баяндады. Оның айтуынша, реформа ашықтықты арттыруға, рәсімдерді жеңілдетуге және мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестік қатынастарды нығайтуға бағытталған: «Жаңа Салық кодексінде әлі де нақтылауды қажет ететін тұстар бар. Салық төлеушілермен жұмыс істейтін қауымдастықтар құжатты әкімшілендіру тұрғысынан да дұрыс, әрі бизнес үшін барынша қолайлы ету мақсатында мемлекеттік органдармен белсенді жұмыс жүргізуде», – деді Мария Назарова.

Салық салудың ашықтығы принципі (28-бап) негізгі жаңалықтардың бірі болды. Енді салық органдары барлық әрекеттерін ашық жүргізуге міндетті – салық есептеу және төлеуден бастап, тексерулерге дейінгі ақпарат қолжетімді болуы тиіс. Ал салық төлеушілер заңнама нормалары мен салық органдарының әрекеттері бойынша толық әрі нақты түсініктемелер алуға құқықты. Ашықтық принципінің бұзылуы – шағымдануға негіз.

ҚҚС төлеушілерді тіркеу тәртібі (99-бап) де өзгерді. Бұдан былай мемлекеттік мекемелер, заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері, жеке практикамен айналысатын тұлғалар және арнайы режимдердегі салық төлеушілер тіркеуге жатпайды. Міндетті тіркеу шегі 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін төмендетіліп, салық жүйесіне қатысушылар саны артады.

Сонымен қатар 106-бапқа сәйкес салық органдары тіркеу талаптарының сақталуын мониторингтеу құқығына ие. Егер заңбұзушылық белгілері анықталса, салық төлеушіге тіркелу қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі.

Есептілік бойынша (115-бап) жаңа талап енгізілді: салық есеп-тілігіне «Құжат қабылданды» мәрте-бесі берілгеннен кейін ғана ол тапсырылған болып есептеледі. «Құжат қабылданбады» мәртебесінде есептілік тапсырылмаған деп саналады. Бұған қоса, бұрын берілген есептілікті қайтарып алу енді мүмкін емес (кейбір жекелеген жағдайларды қоспағанда).

Қосылған құн салығының артығын қайтару тәртібі (125-бап) да жеңілдетіл-ді – енді тексерусіз, тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген автоматтанды-рылған қайтару енгізіледі. Бұл мерзім-дерді айтарлықтай қысқартады және әкімшілік жүктемені азайтады.

Камералдық бақылау жүйесі жетілдірілді:

– елеусіз бұзушылықтар бойынша хабарламалар алынып тасталады.
– орташа тәуекелдер – тек сәйкессіздіктер туралы хабарламалар арқылы реттеледі.
– жоғары тәуекелдер электрондық шот-фактураларды бақылаудың жеке түріне бөлінді (13-тарау, 142-бап).
– хабарлама орындалмаса, келесі жұмыс күні банк операциялары немесе ЭСФ жазып беру тоқтатылуы мүмкін.

ЭСФ-ны тоқтату бизнес үшін ең ауыр шара болып саналады, сондықтан сарапшылар дер кезінде жауап беру және есептіліктің дұрыстығы ерекше маңызды екенін атап өтеді.

Жалпы, 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексі – салық әкімшілен-
діруінің ашық, қазіргі заманғы және тәуекелге бағытталған жүйесіне көшу белгісі. Оның басты мақсаты – адал салық төлеушілерді қолдау және бизнеске тұрақты даму үшін қолайлы жағдай жасау.

Салық әкімшілендірудегі реформаның басты бағыттарының бірі – салық дауларын сотқа дейін шешу жүйесін күшейту. Бұл туралы «SCHNEIDER GROUP» компаниясының заң жөніндегі директоры Асель Рахметкалиева баяндады.

Мемлекет соттардың жүктемесін азайтуға және бизнес пен салық органдары арасындағы өзара әрекеттесуді тиімді етуге ұмтылуда. Жаңа Салық кодексі дауларды сотқа дейін шешуге басымдық береді, бұл компанияларға ұзақ әрі шығынды сот процестеріне жүгінбей-ақ құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

«Салық төлеушілер үшін бұл – салық органдарымен келіспеушіліктерді ерте кезеңде шешуге мүмкіндік беретін қосымша құралдар. Мұнда басымдық сотқа дейінгі диалог пен сервистік модельге беріледі», – деді Асель Рахметкалиева.

Жаңа тәртіп салық төлеушіге екі жол қалдырады: жоғары тұрған органға шағымдану немесе бірден сотқа жүгіну. Дегенмен, жалпы басымдық сотқа дейінгі форматқа берілген.

Цифрландырудың арқасында шағымдану тәртібі жедел және ашық болады. Барлық рәсім электрондық түрде тіркеледі, бұл объективтілікті арттырады және уақытты үнемдейді.

Осылайша, 2026 жылдан бастап Қазақстанда сотқа дейінгі урегулирование – мемлекет пен бизнес арасындағы заманауи сервистік салық жүйесін қалыптастыруға бағытталған толыққанды құралға айналмақ.

Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты резидент еместерді салықтандыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл тақырып бойынша Алматыдағы Rödl & Partner компаниясының серіктесі, адвокат Михаэль Квиринг және компанияның ассоциирленген серіктесі Виктория Швецова баяндама жасады.

Сарапшылар шетелдік компания-лардың қызметіне қатысты өзгерістерді егжей-тегжейлі түсін-дірді: Табыс төлеу көзінен салық ұстау тәртібі, тұрақты мекеме ұғымын нақтылау, халықаралық салық салу ережелері және қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдер, трансферттік баға белгілеу, цифрлық қызметтерден алынатын табыстарға салық салу, резидент еместердің салық есептілігіне қойылатын жаңа талаптар.

Сессия модераторы – Central Asia Smart Solutions компаниясының бас директоры Татьяна Скачко. Басты спикер – бухгалтерлік аутсорсинг бөлімінің басшысы Камила Аметова. Ол ҚҚС саласындағы өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді: ҚҚС базалық мөлшерлемесінің артуы, оның бизнеске әсері, міндетті тіркеу шегінің өзгеруі, E-Tamga цифрлық әкімшілендіру жүйесін енгізу, ҚҚС-тан босатулар және өтпелі нормалар.

Қатысушылар бұл тақырыпқа ерекше қызығушылық танытты, өйткені ҚҚС – бизнес үшін ең сезімтал бағыттардың бірі, әрі ол компаниялардың қаржы-лық тұрақтылығы мен бәсекеге қабілет-тілігіне тікелей әсер етеді.

ҚР-дағы Германия экономикасы одағы ұйымдастырған Алматыдағы конференция салық заңнамасындағы өзгерістерді талқылаудан да кең ауқымды рөл атқарды. Бұл – бизнес өкілдері, кеңесшілер мен заңгерлер елдің салық жүйесінің болашағы туралы ашық пікір алмасқан маңызды сараптамалық алаң болды.

Автор: Олеся Клименко.

Аударманы дайындаған: Руслан Мүсіреп.

Читать статью на русском

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь