ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2023 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың хабарлауынша, есептік кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5,6%-ды құрады. Нақты сектордағы өсім – 2,3%, ал қызмет көрсету саласында – 7,6%. Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалады, бұл ретте сауда (+19,4%), ақпарат және байланыс (+18,1%), сондай-ақ құрылыс (+12,5%, 1 млн шаршы м астам тұрғын үй пайдалануға берілді) ең жоғарғы өсуді көрсетті. Вице-министрдің айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ды құрады. Инвестициялар ағыны өнеркәсіпте – 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 33,7%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 33,7%-ға, көлікте және қоймалауда – 31,8%-ға өсті.

Алдын ала қорытынды бойынша 2022 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 32,1%-ға өсіп, $134,4 млрд-ты құрады. Экспорт бойынша көрсеткіш 39,9%-ға өсіп, $84,4 млрд-қа дейін жетті. Тауарлар импорты $50 млрд-қа тең. Жалпы, оң сауда балансы $34,4 млрд-ты құрады.

Премьер-Министр нақты сектор тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз еткенін атап өтті. Өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының даму қарқыны жақсы. Өнеркәсіп секторы өндірістің 1,5%-ға, оның ішінде өңдеу саласының 1,6%-ға өскенін көрсетіп отыр. Фармацевтика (+51%), жеңіл өнеркәсіп (+11%), тоқыма бұйымдары өндірісі (25%+), мұнай өңдеу (+11%), химия өнеркәсібі (+11%), сусындар өндірісі (+33%), тамақ өнімдерінің өндірісі (+10%), машина жасау (+12%) салаларында өсім байқалады.

Үкімет басшысының айтуынша, тұрақты инвестициялық белсенділік, оның ішінде шикізаттық емес секторларға инвестициялар тарту жедел экономикалық өсудің негізгі факторы болып табылады.

Үкімет басшысының пікірінше, инвестициялардың құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіру жағына қарай ұлғайту керек, соның ішінде жоғары технологиялық өндірістерде де. Сонымен қатар «Инвестиция орнына тариф» саясатын сапалы енгізуді қамтамасыз ету маңызды.

– Біз экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу үшін бар күшімізді салуымыз керек, – деп түйіндеді Премьер-Министр.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia