5–6 ақпан күндері Қырғызстан астанасы Еуропа мен Орталық Азия арасындағы стратегиялық диалогтың эпицентріне айналды. Еуропалық одақтың азаматтық қоғамға арналған алтыншы жыл сайынғы форумы сараптамалық пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар азаматтық сектор, Еуропалық одақ институттары және халықаралық даму серіктестері арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті қалыптастыратын негізгі архитектуралық платформа ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.

Биылғы Форум 2025 жылғы кездесулердің нәтижелерін бекіткен маңызды кезең болды. Негізгі назар бес өңірлік тақырыптық топ пен Жастар консультативтік кеңестерінің (ЖКК) күш-жігерін шоғырландыруға бағытталды. Олар цифрлық трансформация, климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау, жастардың қатысуы, басқару және әлеуметтік жауапты кәсіпкерлік, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту секілді өңірдің болашағы үшін іргелі маңызға ие бағыттармен айналысады.

2026 жылғы Форумның басты мақсаты – көпжақты талқылауларды нақты, жүзеге асырылатын өңірлік іс-қимыл жоспарларына айналдыру.

Іс-шара Орталық Азия бойынша ЕО стратегиясын және «Жаһандық қақпалар» (Global Gateway Initiative, GGI) флагмандық бастамасын іске асыру аясында өтті. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл бастама көлік, энергетика және цифрлық байланыстарды тұрақты дамытуға серпін беретін катализатор ретінде көрінеді. Мұнда азаматтық қоғам өзгерістердің негізгі бақылаушысы әрі басты бенефициары рөлін атқарады.

Жастар үні: Қазақстан тренд қалыптастыруда

Қатысушылар арасында Жастар консультативтік кеңестерінің өкілдерінің сөздері ерекше резонанс тудырды. Қазақстан Республикасы ЖКК атынан «Қазақстандық немістердің «Возрождение» бірлестігі» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Владислав Вебер сөз сөйледі. Ол өңірдің технологиялық және әлеуметтік серпілісіне бағытталған жүйелі бастамалар пакетін таныстырды.

Орталық Азияның өзге елдерінен келген жастар кеңестерінің мүшелері де өз мемлекеттерінің ерекшеліктеріне бейімделген ұсыныстарын ұсынып, өңірдің қажеттіліктері туралы тұтас көрініс қалыптастырды.

ЕО Делегациялары жанында қызмет ететін тақырыптық топтар да маңызды рөл атқарды. Олар өңірдің болашағы үшін стратегиялық мәні бар негізгі бағыттар бойынша сараптамалық ұсыныстар мен жол карталарын таныс-тырды.

Форум азаматтық қоғам мен жастар өкілдері өз идеяларын шешім қабылдайтын тұлғаларға тікелей жеткізе алған бірегей диалог алаңына айналды. Екі күн бойы қатысушылар интерактивті сессиялар мен жоғары деңгейдегі пленарлық отырыстар форматында жұмыс істеп, алдағы жылдары бірлескен жобалардың негізін қалайтын жаңа әріптестіктер орнатты.

Владислав Вебер

Аударманы дайындаған: Руслан Мүсіреп.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь