Ереванға жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Шараға Армения Премьер-Министрі Н. Пашинян, Беларусь Премьер-Министрі Р. Головченко, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Ресейдің Үкімет басшысы М. Мишустин, сондай-ақ ЕАЭО бақылаушы мемлекеттерінің өкілдері – Өзбекстан Премьер-Министрі А. Арипов және Куба Республикасының елшісі Хулио Антонио Гармендия Пенья қатысты.

Отырыста сөз алған Әлихан Смайылов ЕАЭО аясындағы белсенді жұмыс өзара сауда мен өнеркәсіп кооперациясын кеңейту, көлік логистикасын дамыту және халық пен бизнестің басқа да өзекті мәселелеріне қатысты міндеттерді дәйекті әрі жүйелі түрде шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара сауда-саттығы осы жылдың 8 айында $17 млрд-тан асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артық. Жалпы, бірлестік құрылған сәттен бастап Қазақстан Одақ елдеріне өңделген өнімнің экспортын 64%-ға ұлғайтты, оның ішінде номенклатурада дайын тауарлардың үлесі артып келеді.

Сонымен қатар Премьер-Министр ЕАЭО-ға мүше елдердің мемлекеттік сатып алуларында ұлттық режимдердің жұмыс істеуіне қатысты мәселені де шешу қажеттігіне назар аударды. Ол 2020 жылы тауарлар өндірісіне қойылатын жалпы талаптардың бірыңғай ережелері қабылданғанын, бірақ 2 жылға жетер-жетпес уақыт ішінде олар бірнеше рет өзгертіліп, толықтырылғанын айтты. Ә. Смайыловтың пікірінше, мұндай жағдай көбіне Ережелерді айналып өтетін қосымша талаптардың қойылатынына байланысты болып отыр. Ол ЕАЭО елдерін көлік құралы паспортының бірыңғай формаларын енгізу және электрондық паспорттар жүйесін ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жеделдетуге, сондай-ақ Одақтың ортақ нарығының тиімділігіне тікелей әсер ететін техникалық регламенттерді өзектендіруге шақырды. Осыған байланысты Үкімет басшысы Қазақстанның бастамасымен «сұр» сертификаттармен күресуге бағытталған іс-шаралар жоспары қабылданғанын атап өтті.

— Әрбір тараптың бірлескен күш-жігері мен нақты іс-әрекеттері ғана бізге ағымдағы сын-қатерлерді еңсеруге және Еуразиялық экономикалық одақтың одан әрі дамуына қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia