Абай облысында ұлы ақын, философ әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Абай оқулары – 2025» атты ауқымды мәдени-ағартушылық фестиваль өтті.
Іс-шараны «Ассамблея жастары» республикалық бірлестігі ұйымдастырып, оған қырық жас қатысты. Фестиваль Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне сапардан басталды. Мұнда интерактивті музейлік квиз ұйымдастырылып, жастарға Абайдың өмірбаянымен танысып қана қоймай, оның дәуірін сезініп, шығармашылығы мен философиясына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік туды.
Фестивальдің екінші күнінде қатысушылар киелі мекен – Жидебайға аттанды. Маршруттың алғашқы нүктесі – батырлық пен қайсарлықтың символы Күшікбай батырдың ескерткіші болды. Мұнда ақсақал жастарға ақ батасын беріп, даналық пен сенімге толы тілектерін арнады. «Абай жолы» символдық шекарасында қатысушыларды ұрпақтар сабақтастығының рухани белгісі ретінде шашу шашумен қарсы алды.
Келесі аялдама – ұлы «Абай жолы» эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің туған жері. Мұнда қонақтарды қазақы қонақжайлықпен – киіз үй, ұлттық тағамдар және шынайы жылы атмосферамен қарсы алды.
Сырт-Қасқабұлақта, яғни Абай дүниеге келген жерде, ұлттық бірегейлік пен этносаралық келісім тақырыбында тренинг өтті. Бұл тек білім беру шарасы ғана емес, сонымен қатар қазіргі Қазақстан үшін Абай мұрасының маңыздылығы туралы терең ойлауға себеп болды. Фестивальдің әсерлі әрі поэтикалық аялдамаларының бірі – Еңлік пен Кебек мазары болды. Мұнда қатысушылар екі ғашықтың қайғылы махаббаты туралы әдеби-музыкалық композицияны тамашалап, әрқайсысының жүрегін қозғаған, махаббат, еркіндік пен ар-намыс секілді мәңгілік құндылықтар еске алынды.
Фестиваль маршрутының соңғы нүктесі – Жидебай. Бұл жерде Абайдың үй-музейі мен Шәкәрімнің үйі орналасқан. Осында қатысушылар Абайдың өлеңдерін оқып, музыкалық шығармалар орындап, жеке ой-толғамдарымен бөліскен поэтикалық сахна ұйымдастырылды.
Фестиваль соңында қатысушылармен «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде ресми кездесу өтті. Қатысушыларға «Ассамблея жастары» республикалық бірлестігінің жетекшісі Тимур Жұмұрбаев пен Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов құттықтау сөз сөйледі. Олар ұрпақтар сабақтастығының маңызын, жастарды абайлық құндылықтар негізінде рухани тәрбиелеудің қажеттілігін атап өтіп, әрбір қатысушының тек білім алып қана қоймай, жеке және қоғамдық даму үшін шабыт алғанына сенім білдірді.
Бағдарламаның келесі кезеңі – «Абай мұрасы – жеке және қоғамдық даму жолы» тақырыбындағы мотивациялық тренинг болды. Оны «Ассамблея жастары» РҚБ төраға орынбасары Рустам Кайрыев жүргізді. Қатысушылар Абай идеяларының бүгінгі күнмен байланысы, олардың даму мен кемелденуге, қоғамға қызмет етуге қалай шабыттандыратыны туралы ой бөлісті.
Фестиваль өз мәресіне жетті, бірақ артында бірлікке, шабыт пен қазақ мәдениеті мен ұлы ойшылдың философиясын болашақ ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылысқа толы терең із қалдырды.
Автор: Мария Горбачёва. Аударманы дайындаған: Руслан Мүсіреп.
Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia