Анна Шитик – Семей қаласындағы «Возрождение» немістер қоғамдық бірлестігінің неміс тілі курстарының оқытушысы. 2025 жылдан бері ол «Таза» экологиялық клубының еріктісі болып, жарты жылдан астам уақыт бойы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық акцияларға белсенді қатысып келеді.
Аннаның айтуынша, ол клубтың қызметі туралы танысынан білген. Табиғатқа қарапайым, бірақ маңызды істер арқылы көмектесу идеясы оған бірден жақын болды. Клуб әртүрлі қайталама шикізат түрлерін жинаумен айналысады, кейін олар қайта өңдеуге жіберіледі. Қоршаған ортаны қорғауға өзінің жеке үлесін қосуға деген ұмтылыс оның экологиялық қозғалысқа қатысуының басты себебіне айналды.
Клубтағы жұмысы барысында еріктілер үш экологиялық акция өткізіп үлгерді. Әр жаңа кездесуде қатысушылардың саны артып келеді. Аннаның пікірінше, бұл қала тұрғындарының экология мәселелеріне және жауапты тұтынуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Оның есінде әсіресе кітап алмасу алаңындағы жұмыс жақсы сақталды. Акция барысында тұрғындар өздері бөліскісі келген кітаптарын әкеліп, өздеріне жаңа әрі қызықты басылымдар тапты. Мұндай формат кітаптардың қолданыстағы мерзімін ұзартуға ғана емес, сонымен қатар ұтымды тұтыну қарапайым күнделікті шешімдерден басталатынын еске салуға мүмкіндік береді.
«Таза» экологиялық клубының келесі акциясы 15 тамыз күні сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін Семей қаласында, Мусиндер көшесі, 19, №31 мектеп мекенжайында өтеді. Ұйымдастырушылар қаладағы барлық бейжай қарамайтын тұрғындарды акцияға қатысуға шақырады.
Акция аясында қағаз және картон, пластикалық бөтелкелер, қақпақтар, пакеттер, пластикалық канистрлер мен жәшіктер, алюминий және консерві банкалары, балалар тағамына, пенициллинге және физиологиялық ерітіндіге арналған шыны құтылар, пайдаланылған батарейкалар, сондай-ақ пайдаланылған өсімдік майы қабылданады. Сонымен қатар кітап алмасу алаңы жұмыс істейді. Барлық ниет білдірушілер бөлме гүлдерін, сондай-ақ «Мамалар үйі» мен «4 Лапы» жануарларға арналған панасына қажетті заттарды әкеле алады.
Анна Шитик қоршаған ортаға қамқорлық әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынына сенімді. Ол тұрғындарды бейжай қалмауға, қалдықтарды сұрыптауға, қайталама шикізатты қайта өңдеуге тапсыруға, пайдаланылған батарейкаларды дұрыс кәдеге жаратуға және экологиялық бастамаларды қолдауға шақырады.
«Әрбір кішкентай әрекеттің маңызы бар. Адамдар ортақ мақсат жолында біріге алса, шын мәнінде үлкен өзгерістерге қол жеткізуге болады. Бірге біз қаламызды таза етіп, табиғатты сақтап, кейінгі ұрпақ үшін жақсы болашақ құра аламыз», – дейді Анна.
Автор: Мария Горбачева.
Аударманы дайындаған: Руслан Мүсіреп.
Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia












