ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Онда Қазақстандағы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар мен ұсыныстар талқыланды.

Премьер-Министр Қазақстан Үкіметінің алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 млрд-қа, яғни, екі есеге арттыру бойынша ауқымды міндет тұрғанын атап өтті.

«Біз ESG принциптерін ескере отырып, бұл уақытта кемінде $150 млрд шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсаттарға жету үшін еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту бағытында жүйелі шаралар қабылдануда», — деді ол.

Әлихан Смайылов атап өткендей, Шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі пленарлық отырысы «Қазақстанды жаңа индустрияландыру» тақырыбына арналады. Оның айтуынша, бұл үшін қажетті заңнамалық база мен институционалдық орта қалыптастырылды. «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң қабылданып, жаңадан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды.

«Үкімет экономиканың өсу серпінін сақтау және елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдайды. Біз шетелдік әріптестерімізді Қазақстандағы жобаларға инвестиция салуға шақырамыз», – деп атап өтті Ә. Смайылов.

Кеңес барысында Ernst & Young, TotalEnergies, Knauf, KPMG компанияларының өкілдері және ҚР орталық мемлекеттік органдарының басшылары сөз сөйледі.

Ә. Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесін және жалпы республиканың инвестициялық ахуалын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыс етті. Атап айтқанда, Coca Cola Içecek Kazakhstan, Microsoft, Baker & McKenzie, Cameco Kazakhstan, Chevron Corporation, Deloitte, Exxon Mobil, Glencore, Marubeni компанияларына және т. б. берілді.

«Осы жылдары бірлескен күш-жігердің арқасында жаңа өндіріс орындары іске қосылды, ірі жобалар жүзеге асырылды, ең бастысы, мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Ынтымақтастығымыз өзара тиімді болып, үлкен перспективаларға жол ашып, тұрақты түрде дами беретініне сенімдімін. Қазақстан Үкіметі инвестициялық байланыстарды тереңдетіп, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын», – деді Премьер-Министр.


Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia