ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. ҚР Президентінің тарифтік жоспарлар жөніндегі тапсырмасын орындау аясында монополист операторлар мен делдалдар алып отырған тарифтер мен комиссияларға бір ай ішінде талдау жүргізіп, оларды қайта қарау немесе алып тастау жөнінде шешімдер дайындау тапсырылды. Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында тау-кен секторында пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемесін, мұнай өнімдерін өндірушілерге арналған акциздерді, жер қой-
науын пайдаланушылардың дивиденттері бойынша жеңілдіктерді және трансферттік баға белгілеу тәртібін қайта қарау бойынша ұсыныстар әзірленгенін атап өтті. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және диқандарды арзандатылған дизель отынымен, тұқыммен, тыңайтқыштармен және пестицидтермен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Қомақты мемлекеттік қаржыландыру мен көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, Арнайы экономикалық аймақтардың ел экономикасына қосып отырған үлесі өте төмен деңгейде қалып отыр. Тауарлық және сұйытылған газ өндірісін ұлғайту, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы инвесторлар үшін ынталандыру шараларын әзірлеу мақсатында Үкімет басшысы бір ай ішінде Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер топтамасын енгізуді тапсырды. Сонымен қатар Министрлер кабинетінің басшысы ауруханалар салу бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының бірыңғай және оңтайлы нұсқасын әзірлеуді, шұғыл түрде «СҚ-Фармация» базасында медициналық техниканы бір орталықтан сатып алу, оның ішінде өндірушілерден бүкіл пайдалану мерзіміне сервис ұсына отырып, тікелей сатып алу мәселелерін пысықтауды тапсырды. «Қазіргі жағдайда біз жұдырықтай жұмылып, нақты нәтиже көрсетуіміз қажет. Біздің басты міндетіміз – халықтың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті және әртараптандырылған экономиканы дамытуға күш салуымыз қажет», – деді Ә. Смайылов.


Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia