ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылғы қаңтар-шілдеде ЖІӨ өсімі 3,3%-ды құрағанын хабарлады. Биыл құрылыс (8,6%-ға өсу), байланыс (6,5%-ға), сауда (6,2%-ға), көлік және қоймалау (5,6%-ға), өңдеу өнеркәсібі (4,9%-ға), ауыл шаруашылығы (2,1%-ға) және т.б. оң өсім көрсетуде. Осы жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 39,4%-ға өсіп, $63,7 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 56,3%-ға ($42,2 млрд), ал өңделген тауарлар экспорты – 33,5%-ға ($12 млрд) артты.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, шілдеде жылдық инфляция 15%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 19,7%, азық-түлік емес тауарлар – 14,2%, ақылы қызметтер – 9,2%-ға өсті. Шілдеде айлық инфляция 1,1%-ды құрады.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, есептік кезеңде мемлекеттік бюджетке 8 трлн 463 млрд теңге сомасында кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) түсті, республикалық бюджетке түскен кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) 5,6 трлн теңге шамасында (жоспар 101,3%-ға орындалды) болды, жергілікті бюджеттердің кірістері 2 трлн 864 млрд теңгені (113,3%-ға атқарылды) құрады. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ға атқарылды.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр экономиканың өсуіне негізінен нақты сектор үлес қосып отырғанын атап өтті.

Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу мәселесіне ерекше назар аударып, қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүмкін компания қызметін тексеруге тапсырма бергенін еске салып өтті.

– Тағы да назар аударатын жағдай – өңірлердегі делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялардың жұмысын жандандырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуына және ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу үшін келісім-шарттардың уақытылы жасалуына бақылауды күшейту керек, – деп түйіндеді Премьер-Министр.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia