Еуропаданың 15 елінен келген 20 қазақ ұйымы алқалы жиын өткізді
Еуропа қазақтарының жылдағы дәстүрлі кіші Құрылтайы биыл 26-28 мамыр аралығында Германияның Кёльн қаласында өтті. Үш күнге созылған бұл алқалы жиында Еуропаның түкпір түкпірінен және Қазақстаннан келген 2 мыңнан астам қазақ бас қосты.
Атап айтқанда, Еуропаның 15 елінен келген 20-дан астам қазақ ұйымдарының жетекшілері, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов және Австрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Нидерланды, Венгрия, Польша, Түркия, Финляндия, Франция, Швейцария, Швеция, Ұлыбритания елдеріндегі қазақ диаспорасының өкілдері мен Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің қызметкерлері қатысты.
Аталған Құрылтайды ұйымдастыруға «Отандастар қоры» қолдау көрсетіп, Кёльндегі Қазақ мәдени орталығының төрайымы Сәдия Сүрер жетекшілік етті.
Бұл жиынның жылдағы басқосудан ерекшелігі – жергілікті қандастарымызбен бірге Еуропада білім қуып, кәсіп істеп жүрген отандастарымыздың да қатысуы болды. Сонымен бірге, Қазақстаннан тарихи отандарына қоныс аударған бұрынғы отандастарымыз – алманиялық немістер де Құрылтай жұмысынан шет қалмады.
Құрылтай аясында диаспора өкілдерімен, еуропалық қазақ жастарымен кездесу, кітаптың тұсаукесері, Абай үйінің ашылу салтанаты, ұлттық нақыштағы киімдер мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, этно-фото көрмелер, түрлі спорттық жарыстар өтті. Еуропаны ен жайлаған қандастарды қауыштырып, оларды толғандырған келелі мәселелерді ортаға салуға жол ашқан Құрылтай жұмысы Қазақстаннан барған танымал өнер жұлдыздарының гала-концертімен қорытындыланды.
Енді бұлардың бас-басына кеңірек тоқталып өтейік.
Кёльндегі қандастар кездесуі
Германияның Кёльн қаласында басталған Еуропа қазақтары құрылтайының алғашқы күні Еуропа елдеріндегі қазақ диаспорасының жетекшілерімен кездесуден басталды. Кездесуге Еуропаның 15 елінен келген 20 қазақ ұйымының басшысы қатысты.
Кездесуде сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Алдымен Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сіздерге деген зор ықыласы мен ыстық сәлемін жеткізгім келеді.
Мемлекет басшысы Германия елінде басталған бүгінгі Құрылтайға сәттілік тілеп, арнайы құттықтауын жолдады. Шетелде жүрсеңіздер де, ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін бар мүмкіндіктеріңізді сарп етіп, жұмыс істеп жатырсыздар. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз. Біз үнемі сіздерге тілеулеспіз. Әркез қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Мәлік Отарбаев өз сөзінде.
Құрылтайды ұйымдастыру жұмысына тікелей атсалысып, алыстағы ағайын мен Атажұрт арасында дәнекер болып жүрген «Отандастар қоры» ұйымының басшысы Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде осындай кіші Құрылтайлардың маңызына, қандастармен қарым-қатынастың барысына тоқталды.
«Еуропа қазақтары арасында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бастау алған кіші Құрылтайлар өткізу шарасы бүгінде дәстүрге айналды. Бұл – осындай тұрақты басқосудың еуропалық қандастарымызға берері мол, маңызды жиын екендігінің айқын көрінісі. Бұрын Еуропа елдерінде қазақтардың 15-тей мәдени ұйымы болса, бүгінгі таңда олардың саны 30-ға жуықтады «Отандастар қоры» бұл ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан», – деді Абзал Сапарбекұлы.
Сонымен қатар, жиында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов қандастармен кәсіпкерлік қарым-қатынас орнатуға дайын екенін жеткізіп, Еуропа қазақтарын Қарағандыда білімін жетілдіруге шақырды.
Ал Кёльндегі Қазақ мәдени орталығының төрайымы Сәдия Сүрер отаншылдық сезім жайлы толғанып, мәселе санда емес, ұлттық сезімде жатқанына баса мән берді.
Кездесу соңында ұйым өкілдері өздерін алаңдатқан сауалдарын қойып, өзекті мәселелер көтеріп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе, шеттегі қазақтардың Атажұртқа виза алу рәсімін жеңілдету, 10 жылға берілетін Атажұрт картасының тек қана белгілі мамандық иегерлеріне ғана емес, әрбір қазаққа берілуі секілді мәселелерді айрықша көтерді.
Еуропа қазақ жастарының альянсы
Бұдан кейін Құрылтай Еуропадағы қазақ жастарымен кездесуге ұласты. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Кёльн қазақ мәдени орталығының төрайымы Сәдия Сүрер, «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы, жас кәсіпкер Алмас Жәли мен Еуропалық бір топ қазақ жастары қатысты.
Жиын барысында жастар азаматтық алу, кәсіп жүргізу, инвестиция құю, туристік ортаға айналдыру, қазақ тілін үйрену және тағы басқа сауалдарына жауап алды.
Өз кезегінде Жас кәсіпкер Алмас Жәли Еуропа жастарын бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
Кездесуде қазақ жастары өздерін толғандырып жүрген бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Еуропада өз ұлттық болмысынан айырылып бара жатқан қазақ жастарының жағдайы, Қазақстанға келіп лайықты жұмыс тауып, пайдалы болу, Қазақстанмен Еуропада арасында іскерлік байланыс құру, қазақстандық құрбы-құрдастармен ортақ жобаларда басқосу және т.б.
Осылайша, еуропалық қазақ жастары ортақ әлеуметтік платформа мен Еуропа қазақ жастары альянсын құру туралы уағдаласты.
Алманиядағы қазақ кітабы
Құрылтайдың тағы бір елең еткізерлік жаңалығы – Еуропа қазақтары қауымдастығының негізін қалаған белгілі қоғам қайраткері, тар заманда қазақтардың Түркияға бет алған көшінің көзі тірі куәгері Абдуррахман Четиннің түрік тіліне аударылған «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты кітабының тұсаукесері болды.
Кітап авторы өз сөзінде құрылтайдың өтуіне тікелей қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын білдіріп, кітаптың шығуына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтты.
«Бүгін мен үшін тосын сый болды. Қуанышқа кенеліп отырмын. Жалпы, мен қай жерге барсам да, алдымнан қазақ шығады. Астанаға барғанымда осындай ықыласқа бөлендім. Ол жерде де жоғары деңгейде тұсаукесер өтті. Енді міне түрік тіліндегі нұсқасын шығарып, құрылтайдың бірінші күні маған тосын сый жасадыңыздар. Кельн қаласындағы қауымдастықтың тізгінін ұстаған Сәдия Сүрерге, Отандастар қорына алғысымды жеткізгім келеді. Сонау Қазақстаннан ат арытып келген Президент кеңесшісіне де алғысым шексіз. Құрылтайға Президент кеңесшісі емес, Президенттің өзі келгендей сезіліп тұр. Себебі сіз Президенттің қандастарға деген ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізіп отырсыз», – деп, Абдуррахман ақсақал жиынға жиналған жұртқа ақ батасын берді.
Аталмыш кітапта, ХХ ғасырдың орта шеніндегі қазақ халқының басына түскен ауыр нәубет, зұлмат жылдар туралы айтылған.
Еске сала кетейік, қазақ тілінде жарық көрген бұл кітаптың тұсаукесері былтыр қазан айында «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Қазақстанда өткен болатын.
Футбол – ұйыстырушы ойын
Қалыптасқан дәстүрге сай Құрылтайдың екінші күні футбол мен ұлттық спорт жарыстары, ұлттық дәстүр, өнер мен тағамдардың дәріптелген тойымен жалғасты. Мектеп жасындағы Еуропаның әр елінен келген балалардың марафон жарысы Алтай қазақтарының Түркияға көшінің 70 жылдығына арналды.
Германияда өткен осынау дүбірлі доп додасында Франция, Германия, Дания, Голландия және Қазақстаннан келген жалпы саны 11 команда бақ сынады.
Финалда Кельн құрамасын жеңген алматылықтар екінші рет Құрылтай кубогін ұтып алды. Ал Дания құрамасының ойыншылары үшінші орынды иеленді. Былтыр Парижде өткен құрылтайда да «Алматы» командасы жеңіске жеткен болатын.
«Құрылтай Кубогін екінші рет Алматыға алып бара жатқанымызға қуаныштымын. Былтыр Франция астанасы Парижде чемпион атанған едік. Биыл сол чемпиондық атағымызды қорғай алдық. Түрлі елден келген әуесқой ойыншылармен алаңда қарсылас болғанымен, алаң сыртында қандаспыз. Бір-бірімізбен танысып, телефон нөмірлерімізбен алмасып, байланыс орнатып жатырмыз. Осындай жарыстар рухты ерекше көтереді», – дейді «Алматы» командасының капитаны Қайназаров Дархан.
Залахтағы «Abai Úiı»
Сол күні Құрылтай Германияның Залах қаласында «QAZAN E.V.» неміс-қазақстандық қауымдастығы базасында «Abai Úiı» қазақ мәдени-іскерлік үйінің ресми ашылу салтанатына ұласты. Бұл – 2018 жылдан бастау алған бұл жоба аясында ашылған сегізінші «Abai Úiı».
Бұл шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, «Отандастар Қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Тауболды Үмбетбаев, Қазақстанның Мюнхен қаласындағы Бас консулы Денис Рогов және бұрынғы неміс отандастар мен қандастар қатысты.
Мәлік Отарбаев ашылу салтанатында сөз сөйлеп, неміс-қазақстандық қауымдастығына өз тілегін білдіріп, қоғамдастықтың кітапханалық қорын толтырар кәдесыйлар қалдырды.
Содан кейін сөз алған Отандастар қорының президенті Абзал Сапарбекұлы «Abai Úiı» қазақ мәдени-іскерлік үйінің ашылуына келген Бас консулдар мен қауымдастықтың мүшелеріне алғыс айтып, жаңа ашылған үйге «Отандастар қоры» атынан естелік кәдесыйларды тарту етті.
«QAZAN E.V.» неміс-қазақстандық қауымдастығының басшысы Валарий Оствальд келген қонақтарға алғысын білдіріп, мұндай жоғары жауапкершілікті абыроймен алып жүретінін атап өтті. Қазақстанға тиімді инвестициялар тарту, сондай-ақ отандас кәсіпкерлердің бизнес әлеуетін ел экономикасына жұмылдыру жұмысында аянбай жұмыс істеуге жаңа серпін беретінін тілге тиек етті.
Кездесу соңында Мәлік Отарбаев пен Абзал Сапарбекұлы «QAZAN E.V.» неміс-қазақстандық қауымдастығы белсенділерінінің сұрақтарына жауап беріп, қоғамдастық алаңында ағаш отырғызды.
Құрылтайдың күрмеуі
Үш күнге созылған Құрылтай Кёльн қаласында өз мәресіне жетті. Жиынның жабылу салтанатында сөз алған Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып беріп, атажұрт Қазақстан шеттегі қазақ қандастарымыз бен отандастарымыз қайда жүрсе де бірге екенін, қамқор болып, қолдауын аямайтынын жеткізді.
Сонымен бірге жарыста топ жарған командалар мен үздік өнер көрсеткендер марапатталды. Сондай-ақ, Еуропа қазақтарының қадірлі ақсақалы, белгілі қоғам қайраткері Әбдірахман Четинге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан екінші дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді.
Аталған орденді Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов табыстады.
Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан қандастардың басын қосқан алқалы басқосуды қазақстандық өнер жұлдыздарының гала концерті түйіндеді.
Құрылтай қорытындысы бойынша Еуропа қазақ мәдени орталықтарының жетекшілері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұсыныс хат жолдады. Онда 6 ұсыныс қамтылған.
Атап айтқанда, шеттегі этникалық қазақтардың Атажұртқа виза алу рәсімдерін жеңілдетуге барынша мүмкіндік жасау, 10 жылға берілетін Атажұрт картасының тек қана белгілі мамандық иелеріне ғана емес, әрбір қазаққа берілуі; Қазақстанда Дүниежүзі қазақ жастарының өз құрбы-құрдастарымен ортақ жобаларда табыстыратын жоғарғы деңгейдегі форум өткізу; өзінің этникалық қазақ екенін дәлелдей алмай, Атажұртқа көшкісі келіп жүрген Ауғаныстан, Иран, Пәкістан сияқты елдердегі қазақтарға көңіл бөлу; Қазақстанда болатын түрлі іс-шараларға шеттегі қазақ белсенділерін де ұмытпай шақырып отыру және шетелдегі қазақтармен тікелей жұмыс жүргізетін Отандастар қорының әлеуетін арттыру жайы ұсынылды.
Пресс служба НАО «Фонд Отандастар»
Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia