Жастар жобалары, білім беру лагерьлері мен мәдени бастамалар әлдеқашан жастар тек білім алып, дамып, пікірлес жандарды табатын ғана емес, сонымен қатар шынайы достық әрі тіпті отбасылық қарым-қатынастар құратын кеңістікке айналды. Ортақ қызығушылықтар, бірлескен сапарлар, тренингтер мен форумдарға қатысу сенім мен ашықтыққа толы ерекше атмосфера қалыптастырады. Дәл осындай ортада уақыт өте келе махаббат пен отбасыға ұласатын берік байланыстар пайда болады.

Филипп пен Софья Циттеркопфтың тарихы – жастар қозғалысына қатысу тағдырды қалай өзгертіп, екі жүректі қалай тоғыстыратынының жарқын мысалы. Филиппке 25 жас. Ол Алматы қаласындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің (ҚазХҚжӘТУ) филология факультетін тәмамдаған және бүгінде неміс тілі пәнінің оқытушысы болып жұмыс істейді. 2017 жылы ол Алматы қаласындағы «Vorwärts» неміс жастары клубына келген.

Софья 21 жаста. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті және неміс тілінен сабақ береді. Қозғалысқа Софья 2020 жылы қосылды: оның жолы Астана қаласындағы „Diamant“ клубынан басталды.

Болашақ жұбайлар 2021 жылы республикалық „Jugendtreff“ лагерінде танысты. Сол кезде олар бір отрядта, тіпті неміс тілі бойынша бір топта болды, алайда көп араласа қойған жоқ. Кейін түрлі жобаларда бірнеше рет жолыққанымен, қарым-қатынастары достық деңгейінде қалды.

Барлығы 2024 жылдың ақпанында өзгерді. Софья Алматыға ҚНЖ достарымен кездесуге келген еді. Сол компанияда Филипп те болды. Біртіндеп олардың достығы қарым-қатынасқа ұласты.

Бірнеше айдан кейін жастар бірге тұруға шешім қабылдап, Филипп туған Алматысынан Астанаға көшіп келді. Бүгінде олар елордада ортақ өмірін құрып жатыр. Филипп ұсынысты өткен жылы Ғашықтар күнінде жасады, әрине, Софья «иә» деп жауап берді. Жас жұбайлар некелерін тіркеп, бал айын Түркияда өткізді.

Қарым-қатынастарының қарқынды дамуына қарамастан, олардың отбасылық өмірі тыныш әрі үйлесімді. Олар саяхаттайды, мысық асырап алған және болашаққа жоспар құруда. Отбасының негізі – қолдау, құрмет және бір-бірін тыңдай білу. Филипп пен Софья бірге уақыт өткізгенді ұнатады: тамақ дайындау, туыстармен кездесу, үйде жылы әрі жайлы атмосфера қалыптастыру және барлық бастамаларда бір-біріне қолдау көрсету.

Олардың өз отбасылық дәстүрі де бар – «Фамилиентаг». Осылайша олар әр жексенбіні бірге өткізуге тырысады: серуендейді, туыстарын зиярат етеді немесе бір-біріне уақыт бөледі.

Филипп пен Софья дәстүрлерді сақтауды ерекше бағалайды. Олар үшін салт-дәстүрлер мен мерекелік әдет-ғұрыптардың күнделікті өмірдің бір бөлігі болып қалуы маңызды. Олар неміс мерекелерін – Weihnachten пен Ostern-ді ерекше ықыласпен атап өтеді. Бұл күндері дәстүрлі тағамдар дайындап, мерекелік дастарқан жайып, бірге уақыт өткізеді. Бұл – жайлылықтың, отбасылық жылулықтың және ата-баба тарихын сақтаудың уақыты.

Жас жұбайлар барлық ғашық жандарға көбірек жылы құшақ, шынайы әңгіме және күн сайын кішкентай бақытты сәттер тілейді. Бір-біріңізді қадірлеп, сезімдеріңізді айтып, ең қарапайым нәрселерге де бірге қуана білу маңызды. Филипп пен Софья барлық жүректерге махаббат, нәзіктік және тыныш бақыт тілейді.

Мария Горбачева

Аударманы дайындаған: Руслан Мүсіреп.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь