ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері қаралды.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың хабарлауынша, қазіргі уақытта Біртұтас электр энергетикалық жүйе тұрақты жұмыс істейді. Биыл 16 қазандағы жағдай бойынша экспортты ескере отырып, электр энергиясын өндіру 86,9 млрд кВт/сағ құрады.
Жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Энергия көздерінің қоймаларында 4,1 млн
тонна көмір және 81 мың тонна мазут жинақталған, бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді.
Бүгінгі таңда республикада жиынтық қуаты шамамен 2 300 МВт болатын 140-тан астам ЖЭК объектісі жұмыс істейді, электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 3,7%-ды құрайды. Бұл ретте 3 жыл ішінде жиынтық қуаты 850 МВт-тан асатын 48 ЖЭК объектісін қосымша енгізу жоспарлануда. Нысаналы индикаторларға сәйкес 2025 жылға қарай электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 6%-ға тең болуы тиіс.
Премьер-Министр ел экономикасының орнықты дамуы энергетика саласының тұрақты жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті. Қазіргі таңда электр энергетикасы үшін күрделі жағдай қалыптасып отыр. Оның айтуынша, бүгінде өндірілетін энергияның 80%-дан астамы көмір мен мұнай секілді қазба отындарынан алынып отыр.
Кейбір қалаларда бұл көрсеткіш тіпті 80%-ды құрайды. Премьер-Министрдің пікірінше, электр станциялары мен қазандықтардың жабдықтарын жаңартып, желілерді реконструкциялау қажет. Сонымен қатар экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін 2035 жылға қарай 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қуаты қажет болады.
– Алдымызда күрделі міндеттер тұр. Ол үшін бізде жеткілікті ресурстар бар. Атап айтқанда, жаңартылатын энергетиканы дамытуға жарайтын қажетті жер аумағы, қазба байлығының мол қоры, атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарымыз бар, – деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр көрші елдердің энергия жүйесі арқылы энергияны тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз етуді, ең көп салмақ түсетін маусымдық кезеңдерде қажетті маневрлік қуаттарды ұлғайту шараларын қабылдауды, сондай-ақ қазан айының соңына дейін Үкіметтің қарауына «инвестиция орнына тариф» саясатын іске асырудың нақты механизмін ұсынуды тапсырды.
Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia