Алматыда VII Еуразия мәдениеттерін жақындастыру халықаралық форумы – «Өз жерінің елшісі» өтті. Бұл форум Олжас Сулейменовтің мұрасы туралы пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар «Невада – Семей» азаматтық бастамасының тарихи маңызын еске салған маңызды шара болды. Форумның ашылуында сөйлеген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева антиядролық қозғалыс төңірегіндегі қоғамдық бірігу өз уақытында Қазақстанның бейбітшілікке, жауапкершілікке және гуманистік құндылықтарға ұмтылысының символына айналғанын атап өтті.

Олжас Сулейменовтің 90 жылдығына орай Алматы мәдениет, тарихи жады және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік туралы пікірталас алаңына айналды. Форумның негізгі тақырыбы – ондаған жылдар бойы Еуразия елдері арасындағы диалогты қалыптастырған ойшыл әрі қоғам қайраткерінің мұрасын зерделеу болды.

Форумды Булат Утемуратов қоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы және жобаның серіктестері ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстан, Франция, Ресей, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, АҚШ және басқа елдерден мәдениет, ғылым және қоғамдық институт өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық аудиторияға арнаған сөзінде Олжас Сулейменов ондаған жылдар бойы Қазақстанды халықаралық аренада бейбітшілік, мәдениет және ашық диалог елі ретінде танытқан негізгі тұлғалардың бірі болғанын атап өтті. Оның дипломатиялық және қоғамдық қызметі әдеби әрі ғылыми жолының табиғи жалғасына айналды.

Министр сөзінің ерекше бөлігі 1989 жылы ақынның бастамасымен құрылған «Невада – Семей» азаматтық қозғалысына арналды.

Бұл халықаралық антиядролық қозғалыс XX ғасырдың соңындағы ең ірі қоғамдық қозғалыстардың біріне айналды. Ол Қазақстанда және одан тыс жерлерде миллиондаған адамды біріктіріп, Семей ядролық полигонындағы және әлемнің басқа да полигондарындағы ядролық сынақтарға қарсы шықты. Тарихта алғаш рет қуатты азаматтық қозғалыс ядролық сынақтардың гуманитарлық және экологиялық салдарына әлем назарын аударта алды.

Министрдің айтуынша, бұл қозғалыстың қызметі Семей ядролық полигонын жабу туралы тарихи шешімнің қабылдануында маңызды рөл атқарды. Кейін бұл қадам тәуелсіз Қазақстанның бейбіт саясат ұстанымының және жаһандық ядролық қарусыздануға адалдығының символына айналды.

«Олжас Омарұлының бастамасымен құрылған халықаралық антиядролық қозғалыс Қазақстанның бейбітшілікке, гуманизмге және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке ұмтылысының символына айналды», – деп атап өтті Аида Балаева.

Форумның полигон жабылғанына 30 жыл толған жылы өтуі де символдық мәнге ие болды. Бұл оқиға Қазақстанның заманауи тарихындағы ең маңызды беттердің бірі саналады. Форум қатысушыларының пікірінше, Олжас Сулейменов көп жылдар бойы насихаттап келе жатқан халықтар мен мәдениеттердің өзара тәуелділігі туралы идеялар бүгінгі жаһандық сын-қатерлер мен халықаралық шиеленіс жағдайында ерекше өзектілікке ие болып отыр.

Форум қатысушыларына Татарстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, мерейтой иесінің көпжылдық досы Минтимер Шаймиев те құттықтау жолдады. Ол Олжас Сулейменовті «нағыз еуразиялық дана-философ» деп атап, оның мәдениетаралық өзара түсіністік пен халықтар арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Форум аясында Олжас Сулейменовтің ғылыми, әдеби және философиялық мұрасына, оның идеяларын қазіргі білім беру және мәдени процестерге енгізу мәселелеріне, сондай-ақ XXI ғасырдағы гуманитарлық дипломатияның рөліне арналған тақырыптық пікірталастар өтті.

Форумның басты оқиғаларының бірі Булат Утемуратов қорының қолдауымен жарық көрген Олжас Сулейменов шығармаларының жаңа басылымдарының тұсаукесері болды. Қонақтарға «Өз жерінің дауысы», «Аз и Я» кітаптарының қайта басылымдары және ақынның 90 жылдығына арналған жаңа «Поэмалар кітабы» таныстырылды.

Қазақстандағы неміс қауымдастығы үшін Олжас Сулейменов есімі көрнекті жазушы Герольд Бельгермен көпжылдық достығымен де тығыз байланысты. Оларды қырық жылдан астам уақыт бойы тілге, әдебиетке және Қазақстан халықтарының мәдениетіне деген ортақ қызығушылыққа негізделген шығармашылық әрі адами байланыс біріктірді.
Герольд Бельгер Олжас Сулейменовті Еуразия тарихы мен мәдени байланыстарын жаңа қырынан зерделей алатын ақын, ойшыл әрі зерттеуші ретінде жоғары бағалады. Оған әсіресе «Аз и Я» кітабы ерекше әсер қалдырған. Бельгер бұл еңбекті кеңестік дәуірдің қалыптасқан идеологиялық стереотиптерін бұзған батыл әрі жаңашыл туынды деп атаған.
Олжас Сулейменовтің өзі де Герольд Бельгердің Қазақстан мәдени өміріндегі ерекше рөлін бірнеше рет атап өткен. Жазушы дүниеден өткеннен кейін ол Бельгерді Қазақстанның символы және елдің мәдени әрі этникалық саналуандығын өз бойында тоғыстыра білген тұлға деп атады. «Ол қазақ, орыс және неміс тілдерінде жазды. Осындай жазушыны тағы қайдан табасыз?» – деп еске алған еді Олжас Сулейменов досын.
Екі көрнекті интеллектуалдың достық тарихы Қазақстан халықтары арасындағы мәдени өзара түсіністік пен құрметтің символына айналды. Ал олардың шығармашылығы елдің ортақ гуманитарлық мұрасының маңызды бөлігі болып қала береді.

Автор: Олеся Клименко.

Аударманы дайындаған: Руслан Мүсіреп.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь