Азаматтық қоғамның дамуы адамдардың өз қаласының өміріне қатысуға, ортақ мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын бірлесіп іздеуге дайын болуынан басталады. Алматы қаласының Бостандық ауданында бұл тәсіл тұрғындарды, қоғамдық ұйымдарды, кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдарды біріктіреді. Бірлескен бастамалар қалалық кеңістікті өзгертіп қана қоймай, жауапкершілік, ынтымақтастық және қоғамдық өмірге белсенді қатысу мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.

Бостандық ауданындағы абаттандырылған нысандарға арналған баспасөз турының алғашқы аялдамаларының бірі Shuaq аллеясы болды. Бұл жоба тұрғындардың сұранысы бизнес пен жергілікті әкімдіктің бірлескен жұмысына қалай бастау бола алатынын айқын көрсетеді. Жобаның жүзеге асуына азаматтардың өтініштері түрткі болған. Аудан әкімі Азамат Қалдыбековтің түсіндіруінше, жоба «Халық қатысатын бюджет» аясында іріктеуден өтпегендіктен, оны іске асыру үшін кәсіпкерлерді тарту туралы шешім қабылданған. Аллеяны абаттандыруға „DAC City LTD“ ЖШС 350 млн теңгеден астам инвестиция салды. Мұнда серуендеу жолдары төселіп, балалар және спорт алаңдары жабдықталды. Қолданыстағы жасыл желектерді барынша сақтап қалуға тырысып, қосымша 12 мыңнан астам бұта отырғызылды. Жақын маңда балалардың сүйікті орнына айналған Diamond ойын кешені орналасқан. Алдағы уақытта аудан әкімдігі осындай алаңдарды әртүрлі шағынаудандарда орнатуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ECO Network-пен бірлескен бастама аясында пластик қалдықтарын жинауға арналған арнайы құрылғылар орнатылуда. Жиналған қалдықтар кейін қайта өңдеуге жіберіледі.

Әр балаға арналған кеңістік

«Шапағат» әлеуметтік қызметтер орталығының аумағындағы инклюзивті балалар алаңына да ерекше назар аударылды. Оның басты ерекшелігі – жабдықтар әртүрлі мүмкіндігі бар балаларға, соның ішінде мүгедектер арбасымен қозғалатын балаларға да бейімделген. Алаң «Болашақ Құрылыс S» ЖШС-нің қолдауы арқасында салынды. Компания жобаға 58 млн теңге бөлді. Алаңда тактильді сенсорлық панельдер мен модульдік ойын элементтері орнатылып, көпіршелер мен кедергісіз өтетін жолдар қарастырылған. Соның арқасында тәрбиеленушілер жабдықтарды ересектердің тұрақты көмегінсіз пайдалана алады.

«Балалар бұл алаңда өз бетінше ойнай алады. Олар өздерін сенімдірек сезініп, бір-бірімен қарым-қатынас жасауды үйренеді», – деп атап өтті орталық директоры Анар Оспанова. «Күндізгі уақытта тәрбиеленушілер мұнда мамандармен бірге айналысып, қажетті қолдау алады. Мұндай жұмыс балалардың дағдыларын дамыту мен әлеуметтенуі үшін ғана емес, олардың отбасылары үшін де маңызды».

Қалалық кеңістікті абаттандырудағы бірыңғай тәсіл

Көшелер мен қоғамдық аумақтарды абаттандыру кезінде Бостандық ауданы қалалық ортаны дамытудың ортақ тұжырымдамасын басшылыққа алады. 2026 жылы Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша қаланың әртүрлі аумақтарын безендіруде бірыңғай тәсілдерді қарастыратын абаттандыру элементтерінің каталогы әзірленді.
«Осы каталогқа сәйкес, аумақтарды аймақтарға бөлудің белгілі бір түрлері бар: тарихи бөлік, саябақ аймақтары, аллеялар және тағы басқалары. Онда біз қолдана алатын материалдар мен қалалық элементтердің үлгілері айқындалған», – деп түсіндірді А. Қалдыбеков.

Мұндай тәсілдің жарқын мысалы – Байқадамов көшесінің Серкебаев көшесінен Жароков көшесіне дейінгі бөлігі. Бұл учаскедегі жұмыстар «Жан Сай Групп» ЖШС-нің қолдауымен жүргізілуде. Компания жобаны жүзеге асыруға 126 млн теңге бөлді. Мұнда тротуар жабыны жаңартылып, жаңа жарықтандыру тіректері орнатылды, сондай-ақ автоматты суару жүйесі қарастырылған. Жұмыстар әлі жалғасуда: жүйені монтаждауды аяқтау, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, бұталар мен ағаштар отырғызып, жасыл желекті толықтыру қажет.

Саябақтар, аллеялар және жаңа бағыттар

Абай даңғылы мен 20-желінің қиылысында аумағы 0,4 гектар болатын сквер пайда болды. Оны салуға «Тау девелопмент» ЖШС 150 млн теңге инвестиция салды. Аумақтың ерекшеліктерінің бірі – жасыл желектермен және қарағайлармен үйлесім тапқан айналы сәулеттік павильондар. Мұнда тас төселіп, көгал жасалды және заманауи көше жабдықтары орнатылды. Сондай-ақ автоматты суару мен су бұру жүйелері қарастырылған.

Кешенді абаттандырудың тағы бір мысалы – Назарбаев даңғылындағы № 235 және № 229 үйлердің арасындағы аумақ. Жобаны жүзеге асыруға «Сенсата» ЖШС 280 млн теңге бөлді. Жаңарту барысында көпжылдық ағаштар сақталып, серуендеу жолдары салынды, балалар алаңдары ретке келтірілді, жарықтандыру орнатылып, көгалдандыру мен автоматты суару жүйесі қарастырылды. Sensata Group өкілі Бекдос Уәлиев компанияның өз тұрғын үй кешендерінен тыс жерлерде де ауданның әлеуметтік бастамаларына қатысу аясын кеңейтіп жатқанын айтты.

Жекелеген жобалардан жүйелі өзгерістерге дейін

Басқа бастамалардың қатарында Сәтбаев көшесіндегі тротуарларды жаңарту жұмыстары бар. Мұнда көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған тактильді плиткалар төселіп, арық жүйесі қалпына келтірілді.

Тағы бір міндет – қалдықтарды жинау жүйесін жаңарту. Азамат Қалдыбековтің айтуынша, аудан 325 еуроконтейнер сатып алуға бюджеттік өтінім берген. Оларды тұрғын үй кешендерінің жанындағы ашық қоқыс алаңдарының орнына пайдалану жоспарланып отыр. Бастаманың жүзеге асуы қаржыландырудың бекітілуіне байланысты болады.

Аудан әкімінің түсіндіруінше, әлеуметтік әріптестіктің негізі – тұрғындардың қажеттіліктерін, кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін және әкімдіктің ұйымдастырушылық жұмысын ұштастыру. Аудан жаңартуды қажет ететін аумақтарды анықтап, тұжырымдамалар әзірлейді және әлеуетті инвесторлармен өзара іс-қимыл жасайды. Кейбір жобаларды жүзеге асыру үшін бірнеше компанияның күшін біріктіруге тура келеді.

Осындай ынтымақтастықтың бір мысалы – Әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысында орналасқан Flow Park. Алдағы уақытта Flow Park аумағын дамыту, Бірінші Президент саябағын қайта жаңарту, Жапон саябағымен жұмыс істеу және «Атакент» аумағын абаттандыру жоспарланып отыр. Қазір бұл бастамалардың әрқайсысы дайындықтың әртүрлі кезеңінде.

2026 жылы Бостандық ауданында кәсіпкерлік қауымдастықпен әлеуметтік әріптестік аясында 27 жоба жүзеге асырылуда. Оның 13-і аяқталған, тағы 14-і іске асырылу үстінде. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы инвестициялардың жалпы көлемі 2,8 млрд теңгеден асады.

Осылайша, әкімдік пен кәсіпкерлердің ынтымақтастығы қалалық өмірдің түрлі бағыттарын қамтиды: қоғамдық аумақтарды абаттандыру мен жаяу жүргінші-
лер инфрақұрылымын дамытудан бастап экологиялық бастамаларға дейін.

Сұхбаттасқан: Екатерина Лойченко. Қазақ тіліне аударған: Руслан Мусиреп.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное здесь: https://www.instagram.com/daz_asia

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь