Алматыда экологиялық бастамалар азаматтық қоғам қызметінің барған сайын маңызды бағытына айналып келеді. Қалдықтарды бөлек жинауға, экологиялық акциялар мен ағартушылық жобаларға қатысу жастарға қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырып қана қоймай, қала өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуға мүмкіндік береді. Осы тақырыпта біз қоғам және саяси қайраткер, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рустам Кайрыевпен әңгімелестік.
– Рустам, экологиялық акцияларды неліктен нақты бір мәселені шешу тәсілі ретінде ғана емес, азаматтардың қала өміріне қатысуының бір түрі ретінде де қарастыру маңызды?
– Экологиялық жауапкершілік аумақты тазалаумен ғана шектелмейді. Жиналған қоқыстың қайда жіберілетінін, сұрыпталған қалдықтардың шынымен қайта өңдеуге жөнелтілетінін немесе ақыр соңында полигонға түсетінін түсіну маңызды. Мұны білмейінше, экологиялық акциялардың нақты нәтижесін бағалау қиын.
Ағаш отырғызу, қоқыс жинау және басқа да экологиялық бастамалар қоршаған орта мәселелеріне назар аударуға көмектеседі. Алайда олар бір реттік іс-шаралармен шектелмеуі керек. Адам өз шешімдерінің салдарын түсінген кезде тұтынуға саналы түрде қарай бастайды, бір рет қолданылатын заттарды сирек пайдаланады және қалдықтардың көлемін азайтудың жолдарын іздейді.
Сонымен бірге барлық жауапкершілікті тұрғындарға артуға болмайды. Егер ыңғайлы контейнерлер, дамыған инфрақұрылым және қалдықтарды қайта өңдеудің ашық жүйесі болмаса, адамдардан қалдықтарды сұрыптауды талап ету мүмкін емес. Бұл жерде қала тұрғындарының, бизнестің, әкімдіктер мен мемлекеттің бірлескен жұмысы қажет. Экологиялық бастамалардың тиімділігін акциядан кейін көшелердің қаншалықты таза болғанымен ғана емес, қалдықтардың қанша көлемін азайтып, қайта өңдеуге жіберу мүмкін болғанымен де бағалау керек.
– Алматы жастарының қоғамдық өмірге қатысуы қалай өзгеріп келеді және бұл үдерісте, соның ішінде «Таза Қазақстан» қозғалысы аясында, экологиялық бастамалар қандай рөл атқарады?
– Бұрын мұндай бастамалар көпші-лікке ең алдымен сенбіліктермен байланысты көрінетін. Бүгінде жастар қалдықтарды бөлек жинауға, қайта өңдеуге, қалаларды көгалдандыруға және жауапты тұтынуға қызығушылық танытып жүр.
Әлеуметтік желілердің рөлін де ерекше атап өткім келеді. Жастар пайдалы бастамалардың айналасына тез бірігіп, мәселелерге назар аударып, жеке үлгі көрсете алады. Бір адам қалдықтарды сұрыптай бастайды, екіншісі оған қосылады, үшіншісі акция ұйымдастырады. Осылайша біртіндеп бейжай қарамайтын адамдардың қауымдастығы қалыптасады.
Дегенмен экологиялық мәдениет баршаға ортақ нормаға айналды деп айта алмас едім. Алда әлі де ауқымды жұмыс бар. «Таза Қазақстан» қозғалысына қатысу жекелеген белсенділердің ынтасымен ғана шектелмей, қолайлы инфрақұрылыммен, экологиялық ағартумен және түсінікті нәтижелермен бекітілуі маңызды.
Сонымен қатар жастар дайын жобаларға қатысып қана қоймай, өз шешімдерін ұсынып, жаңа акциялар ұйымдастырады және түрлі форматтарды сынап көреді. Бұл оларға экологиялық бастамалардың жай қатысушылары ғана емес, ұйымдастырушылары да болуға мүмкіндік береді.
– Бүгінде Plastic Hunt пен Plastic-FREE Week-тен бастап EcoQuest және «Экорейнджерлерге» дейін түрлі форматтар бар. Олар жастардың бірігуіне, пікірлес адамдарды табуына және өз жобаларын дербес жүзеге асыруына қалай көмектеседі?
– Мен ортақ экологиялық мүдделері бар адамдардың қауымдастығын қалыптастыруға көмектесетін жобаларды ерекше атап өтер едім. Жастар арасында қоқысты қайта өңдеу, суды тазарту, материалдарды қайта пайдалану және қалдықтарды дұрыс кәдеге жарату салаларында қызықты шешімдер ұсынатын стартап негізін қалаушылар аз емес.
Жастар экология туралы дәрісті жай тыңдап қана қоймай, өздері де іске араласа алатын жобаларға қызығады. Мысалы, «Экорейнджерлер» жастарға экологиялық мәдениеттің насихаттаушысы болуға, өз әдеттерін өзгертуге және достарын, курстастарын, өз ауданының тұрғындарын осы іске тартуға мүмкіндік береді.
Меніңше, мұндай жобалардың құпиясы – нақты әрекеттің, қарымқатынастың және түсінікті нәтиженің үйлесімінде. Жастар өздерінің қатысуы шынымен бір нәрсені өзгертетінін көргісі келеді. Сондықтан пластикті жинаумен ғана шектелуге болмайды. Оның әрі қарай қайда жіберілгенін, қанша қалдық қайта өңделгенін және мұның қалаға қандай пайда әкелгенін көрсету маңызды.
– Бүгінде қалдықтарды қайта өңдеуге деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын қандай мысалдар көрсетеді?
– Соның бір мысалы – біздің қоғамдық ұйым басқаратын Медеу ауданындағы Жастар комьюнити-орталығында орналасқан фандомат. Оған пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды өткізуге болады. Әрбір тапсырылған ыдыс үшін төрт-бес теңге есептеледі. Бұл қаражатты банк картасына аударуға немесе Арал теңізін құтқару қорына жіберуге болады.
Бұрын фандомат шамамен аптасына бір рет толатын, ал қазір күн сайын толады. Есептелген қаражаттың едәуір бөлігін қала тұрғындары Аралды құтқару қорына аударады. Бұл тұрғындардың фандоматты жиі пайдаланып, қайта өңдеуге жарамды шикізатты тұрақты түрде өткізе бастағанын көрсетеді.
Тағы бір мысал – біз Алматының Эко-Хабына өткізуге көмектесетін «Жақсылық қақпақшасы» акциясы. Ай сайын 400–500 килограмм пластик қақпақ жинап, қайта өңдеуге тапсырамыз.
Қайта өңделген материалдан телефон тұғырларын, туристік брелоктарды, шахмат фигураларын және ойыншықтарды жасайды. Мұндай жобалар пайдаланылған материалдардың жаңа бұйымдарға арналған шикізатқа айнала алатынын көрнекі түрде көрсетеді.
– Алматыда Эко-Хабтар жұмыс істейді. Олар жастардың бастамаларын дамытуға қандай мүмкіндіктер береді?
– Ең алдымен, бұл – қалдықтарды бөлек жинау қағидаларымен танысуға, қайта өңдеу туралы көбірек білуге және экологиялық бастамаларға қосылуға болатын орындар. Эко-Хабтар тек қайта өңдеуге жарамды шикізатты қабылдайтын пункттер емес, сонымен қатар тұрғындар жаңа білім алып, пікірлес адамдармен танысып, қоғамдық маңызы бар бастамаларға қатыса алатын алаңдар.
Осы Эко-Хабтарды құруға бастамашы болған досым әрі әріптесім Евгений Мухамеджанов ағартушылық бағытқа ерекше көңіл бөледі. Мен мұндай жобаларды әрдайым қолдауға дайынмын, өйткені қалдықтарды өткізу мүмкіндігінің болуы ғана жеткіліксіз. Азаматтық белсенділікті дамыту үшін адамның қызығушылығын нақты әрекетке айналдыруына жағдай жасау маңызды. Осы мақсатта ашық есік күндері, шеберлік сабақтары және басқа да білім беру іс-шаралары өткізіледі. Мысалы, жақында Евгений Jastar Generation 2026 республикалық лагерінде қалдықтарды сұрыптау мәдениеті бойынша шеберлік сабағын өткізді. Мұндай кездесулер практикалық мәселелерді түсінуге және алған білімді үйде, оқу орнында немесе жұмыста қалай қолдануға болатынын ұғынуға көмектеседі.
– Экология саласындағы қандай шетелдік тәжірибелер Алматы үшін пайдалы болуы мүмкін?
– Алматы басқа елдердің тәжірибесін пайдалана алады, оның үстіне кейбір тәсілдер біздің экологиялық бастамаларымызда қазірдің өзінде көрініс тауып жүр. Мысалы, Жапонияда тазалық мәдениеті бала кезден қалыптасады: балаларды мектептегі тәртіпті сақтауға және ортақ кеңістікке құрметпен қарауға үйретеді. Оңтүстік Кореяда қалдықтарды бөлек жинауға үлкен көңіл бөлінеді, ал Еуропа елдерінде экологиялық волонтерлік, екінші реттік ресурстармен алмасу және жастарға арналған білім беру жобалары белсенді дамып келеді.
Біздің қаламыз үшін экологияны күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыратын тәжірибелер ерекше қызықты. Олардың қатарында қалдықтарды сұрыптауға арналған ыңғайлы орындар, заттармен алмасу, университеттер арасындағы қайта өңдеуге жарамды шикізат жинау жарыстары, экологиялық квесттер және адамның өз үлесін бақылауына мүмкіндік беретін цифрлық қосымшалар бар.
Сонымен бірге басқа елдердің тәжірибесін сол күйінде көшіріп қана қоймай, оны өз жағдайымызға бейімдеу маңызды. Мысалы, оқу орындары арасындағы экологиялық жарыстар студенттерге қосымша ынталандыру бола алады, ал заттармен алмасу әлі де біреуге қажет болуы мүмкін бұйымдардың қоқысқа тасталуын азайтуға көмектеседі.
– Жақын уақытта қандай жобаларды дамытуды жоспарлап отырсыз?
– Жаңа бастамалар үнемі пайда болып отырады. Біздің команда «Батарейканы тапсыр – Жердің денсаулығын сақта», «Жасыл қаланың өнері», «Кіші Алматы өзенінің жарқын тасы», «Рақмет, жер ана!» және «Ағаштарға қамқор бол» сияқты акцияларды өткізуді жалғастырып келеді. Әр ұйымның өз жобалары бар, меніңше, бұл жерде бәсекелестікке орын болмауы керек. Бір ұйым қайта өңдеуге жарамды шикізат жинаумен айналысса, екіншісі көгалдандыруға көңіл бөледі, үшіншісі ағартушылық іс-шаралар өткізіп немесе материалдарды қайта пайдаланудың жаңа тәсілдерін іздейді. Бұл бағыттардың барлығы бірін-бірі толықтырады, ал экология саласында жұмыс бәріне де жеткілікті.
Ең бастысы – экологиялық бастамалар бір реттік акциялар күйінде қалмай, адамдардың әдеттерін өзгертуге және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына ықпал етуі керек.
Все самое актуальное, важное и интересное здесь: https://www.instagram.com/daz_asia












