Алматы қаласында Абайдулла Мухитдинович Жапаровты тәжірибелі жақ-бет хирургі ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де жақсы біледі. Медицина ғылымдарының кандидаты, доцент ол жарты ғасырдан астам уақытын медицинаға арнаған, соның ішінде 41 жыл бойы № 5 қалалық клиникалық аурухананың бейінді бөлімшесін басқарған. Оның кәсіби жолы дәрігерлік тәжірибені, ғылыми зерттеулер мен ұстаздық қызметті тоғыстырады. Ал қоғамдық және қайырымдылық жұмысы қызметінің тағы бір маңызды бағытына айналған. Оның адамдарға және өз ісіне деген көзқарасының негізінде «Адал азамат» тұжырымдамасымен үндесетін адалдық, жауапкершілік және еңбекқорлық қағидаттары жатыр.

Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ Абайдулла Жапаров химия, биология, зоология және ботаника сияқты жаратылыстану ғылымдарына қызығушылық танытқан. Алайда болашақ мамандығын таңдауына балалық шақтағы әсерлер шешуші ықпал етті.

«Ақ халат киген адамдар менде әрдайым терең құрмет сезімін тудыратын. Соларға ұқсап, адамдарды емдегім келетін. Бастапқыда мамандық таңдауымның себебі осы болса керек. Ал жақ-бет хирургиясына стоматология факультетін аяқтауға жақын қалған кезде келдім. Институттың жоғары курсында оқып жүргенде жақ-бет хирургиясы және оториноларингология бөлімшелерінде санитар болып қосымша жұмыс істедім. Түнгі кезекшіліктер, таңу шараларына қатысу және күрделі операцияларға қатысып, бақылау жасау стоматологияның барлық бағытының ішінен мені хирургиялық стационардың ерекше қызықтыратынын түпкілікті түсінуге көмектесті».

1976 жылы Абайдулла Жапаров Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетін бітірді. Хирургиялық стационарда жұмысын бастаған ол біртіндеп өзі таңдаған мамандықты меңгере түсті.

1982 жылы Алматы қаласындағы № 5 қалалық клиникалық аурухананың жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ол 41 жыл бойы осы бөлімшені үздіксіз басқарды. Осы уақыт ішінде мұнда ауыр жарақат алған, туа біткен патологиялары және ісік аурулары бар адамдарды қоса алғанда, мыңдаған пациент медициналық көмек алды. Абайдулла Мухитдинович осынша уақыт ішінде әрбір науқасты еске түсіру мүмкін емес екенін мойындайды. Дегенмен кейбір оқиғалар дәрігердің жадында өмір бойы сақталады.

«Дәрігерлік жолымның басында қабылдау бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезімде жедел жәрдем бригадасы беті ауыр жарақаттанған ер адамды алып келді. Оның үстіне үлкен әйнек құлап, мұрнының ұшын кесіп кеткендей жарақаттаған. Зардап шеккен адам шок жағдайында болды. Жас дәрігер ретінде бұл мен үшін үлкен сынақ еді. Бірақ өзімді қолға алып, операцияны сәтті жасадым. Бақытымызға қарай, тіндер жақсы бітіп кетті. Емдеу барысында біз көп сөйлесіп, біртіндеп жақын араласып кеттік. Уақыт өте келе отбасыларымыз да достасып, әлі күнге дейін қарым-қатынасымызды үзген жоқпыз. Кездескен сайын сол оқиғаны жылы сезіммен, күлімсіреп еске аламыз».

Ғылым және практикалық медицина

Абайдулла Жапаров практикалық жұмысын ғылыми зерттеулермен ұштастырды. Ол жүзден астам ғылыми еңбектің, екі монографияның, сегіз оқу-әдістемелік құралдың және 14 өнертабыс патентінің авторы. Сонымен қатар оның жиырмадан астам рационализаторлық ұсынысы бар. 2008 жылы есімі «Қазақстан ғалымдарының алтын қорына» енгізілді.

«Менің барлық ғылыми ізденістерім мен кандидаттық диссертациямның материалдары бөлімшенің күнделікті тәжірибелік жұмысымен тығыз байланысты болды. Негізгі міндет – жақ-бет аймағындағы жұмсақ және сүйек тіндерін қалпына келтіру мен реконструкциялау еді. Ең алдымен, күрделі ісіктерді алып тастағаннан кейін пайда болған ауыр ақауларды, жол-көлік оқиғаларының салдарын жою, сондай-ақ беттің туа біткен патологияларын түзету мәселелерімен айналыстық. Біз ешқашан ғылыммен есеп үшін айналысқан емеспіз. Әрбір алынған өнертабыс патенті мен әзірлеген әдістемеміз бөлімшеміздегі операциялық үстелде бірден қолданыс тапты. Олар адамдардың денсаулығын қалпына келтіріп, қалыпты келбетін қайтаруға көмектесті».

Білімді келесі ұрпаққа жеткізу

Хирургиялық тәжірибемен қатар Абайдулла Жапаров медицина кадрларын даярлауға да көп уақыт бөлді. Бүгінде ол Қазақ-Ресей медицина университетінде оқытушылық қызметін жалғастырып келеді.

«Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында кафедрада жұмыс істеген кезімде бізге Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен дәрігерлер келетін. Олармен араласа жүріп, біз де көп нәрсені үйрендік. Бізді Мәскеуге тұрақты түрде тағылымдамадан өтуге жіберетін. Онда педагогикалық тәсілдерді меңгеріп, пациенттермен жұмыс істеу және кәсіби қарым-қатынас дағдыларымызды жетілдірдік. Сол кезде жинақтаған тәжірибем бүгін студенттермен және резиденттермен жұмыс істеуде көп көмектеседі».

Абайдулла Мухитдинович кәсіби этикаға ерекше мән береді. Оның пікірінше, жақсы дәрігер тек білім мен практикалық дағдыларға ғана емес, пациент алдындағы жауапкершілік сезіміне де ие болуы керек.

«Жас дәрігерлерге үнемі бірнеше қарапайым қағиданы қайталап айтамын. Ең алдымен, Гиппократ антын сөз жүзінде емес, іс жүзінде сақтау қажет. Ол бүкіл кәсіби өмірдің негізі болуы тиіс. Қолыңа медициналық құрал алмас бұрын, өзіңе мынадай сұрақ қою керек: сенің араласуың пайда әкеле ме, әлде зиян тигізе ме? «Зиян келтірме» қағидаты әрдайым бірінші орында тұруы керек. Хирург өз әрекетіне сенімді болуы маңызды, бірақ өзіне тым сенімділікке жол бермеуі керек. Біздің мамандықта мұндай мінез қауіпті әрі кешірілмейді. Ал салмақты шешімдер дұрыс нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі. Медицинаға тек жүрек қалауымен, адамдарға және тіршілік атаулыға деген шынайы сүйіспеншілікпен келу керек. Мұндай жан жылуынсыз ең шебер хирургтың өзі жансыз роботқа айналуы мүмкін».

Дәрігерлер әулеті

Абайдулла Жапаровтың отбасында нағыз дәрігерлер әулеті қалыптасқан. Оның ұлы Сухраб әкесінің жолын жалғастырып, бүгінде жақ-бет хирургі болып жұмыс істейді. Ол – медицина ғылымдарының кандидаты және кафедраның қауымдастырылған профессоры.

«Біз ұлымыздың өз жолымызды қууын ешқашан талап еткен емеспіз. Бірақ ол бала кезінен медицинаның ортасында өсті: үйде үнемі кәсіби әдебиеттер мен атластар жататын, жұмыс мәселелерін жиі талқылайтынбыз. Сухраб менің бөлімшеме келіп, кезекшілікте қалатын, операцияларды бақылайтын. Біртіндеп хирургияға деген өз қызығушылығы қалыптасты. Оның кәсіби жетістіктеріне шын жүректен қуанамын. Мен үшін ең маңыздысы – бұл таңдауды оның өз еркімен жасағаны».

Дәрігер мамандығы тек толық берілуді ғана емес, ауыр жұмыс күндерінен кейін күш-қуатты қалпына келтіре білуді де талап етеді. Абайдулла Мухитдинович үшін бұл ретте отбасының қолдауы, дене белсенділігі мен тәртіп маңызды рөл атқарады.

«Жұбайым да медицина қызметкері, сондықтан мамандығымыздың ерекшеліктерін жақсы түсінеміз. Бір-бірімізге қолдау көрсетуге, отбасында тыныш ахуалды сақтауға және жұмысқа қатысты уайымдарды үйдің табалдырығынан тыс қалдыруға тырысамыз. Операциялық үстел басында кейде бірнеше сағат бойы тұруға тура келеді. Сондықтан мен әрдайым дене дайындығына көңіл бөлдім. Жүгірумен айналыстым, көп жаяу жүрдім, жүздім, кейін йогаға қызықтым. Ол күш-қуатты қалпына келтіріп, ойдың сергектігін сақтауға көмектеседі. Әскери қызметтің де пайдасы аз болған жоқ. Медицина институтына әскерден кейін түстім, сол кезде қалыптасқан тәртіпке дағдылану әлі күнге дейін көмектесіп келеді».

Адамдарға көмектесу – өмірлік ұстаным

Абайдулла Жапаров қоғамдық өмірге белсенді қатысады. Ол Қазақстан ұйғырларының Республикалық этномәдени орталығының Алматы филиалын басқарады. Бұл ұйым қызметінің басым бағыттарының бірі – қайырымдылық.

«Біз көмек көрсетуді жүйелі түрде ұйымдастыруға тырысамыз. Бұл бағыт бірлестігіміздің жарғысында бекітілген. Аудандардағы көмекке мұқтаж отбасыларды қолдаймыз, ал төтенше жағдайларда, мейлі ол су тасқыны немесе басқа табиғи апат болсын, зардап шеккендерге көмектесу үшін күш біріктіреміз. Адамның ұлты мен діни сенімі біз үшін маңызды емес. Жерлестеріміздің жанашырлығына шексіз ризамын: көмек сұрап үндеу жасасақ болды, адамдар бірден қолдау білдіреді. Бұл – ештеңе күтпестен жақыныңа көмектесуге деген шынайы ниет. Сондықтан біз қайырымдылықты марапат алу үшін емес, өз міндетіміз деп санағандықтан жасаймыз».

Қайырымдылық қызметіне қосқан үлесі үшін Абайдулла Мухитдинович «Жомарт жан» төсбелгісімен және «Сахавәт» медалімен марапатталған. Алайда оның өзі марапаттар мен көпшілік алдындағы мойындауға ерекше мән бермейді.

Бірде ол туған күнін балалар үйінде өткізген. Ол жаққа этномәдени бірлестік өкілдерімен бірге барған.

«Шын мәнінде, мұнда ерекше ештеңе болған жоқ. Балаларға баруды алдын ала жоспарлаған едік, тек сапарымның туған күніме сәйкес келгені сол болды. Менің сенімім бойынша, қайырымдылық көзге түсу үшін немесе белгілі бір күндерге орай жасалмауы керек. Біз үшін бұл – алғыс немесе мойындау күтпестен, тұрақты түрде атқаратын күнделікті жұмыс».

Этномәдени орталықтың қызметі қайырымдылықпен ғана шектелмейді. Ұйым мектептер мен педагогтерді қолдайды, сыныптарды жасақтауға жәрдемдеседі, ұйғыр тілі мен мәдениетін сақтап, дамыту бағытында жұмыс істейді. Атап айтқанда, ұйғыр тілінде шығатын үш республикалық газетке қолдау көрсетеді.

Басқа бағыттардың қатарында жастар тәрбиесі, ғылыми-ағартушылық бастамалар және түрлі этнос өкілдері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайту бар.

«Біз өскелең ұрпақты Қазақстанның заңдары мен Конституциясын құрметтеуге тәрбиелеуге, этносаралық келісімді сақтауға, өз елінің тарихы мен халқының тамырын білуге үйретуге тырысамыз. Соңғы екі жылда Конституцияға, атаулы күндерге және Махмуд Кашгари сияқты көрнекті ғалымдарға арналған отызға жуық халықаралық онлайн-конференция ұйымдастырдық. Талқылауларға Германия, Түркия, Франция, АҚШ және Ұлыбританиядан зерттеушілер қатысты».

Этномәдени бірлестіктердің болашағы туралы сөз қозғағанда, Абайдулла Жапаров Қазақстанның қоғамдық институттары жүйесіндегі өзгерістерге де тоқталады.
«Көп жыл бойы Қазақстан ұйғырларының Республикалық этномәдени орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде белгілі бір жұмыс тәсілдері қалыптасты, бұл формат бізге үйреншікті әрі түсінікті болды. Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуымен жаңа кезең басталып отыр. Әзірге жаңа құрылым қалыптасу үстінде, бірақ қоғамдық институттардың дамуы қажет екенін түсінеміз. Жинақталған тәжірибеміз сұранысқа ие болып, бірлескен жұмысымызды жалғастыра аламыз деп үміттенеміз. Өйткені қандай өзгерістер орын алса да, басты мақсатымыз өзгеріссіз қалады – жерімізде бейбітшілік, келісім мен өзара түсіністікті сақтау».

Өзгермейтін қағидаттар

Көпжылдық кәсіби және қоғамдық қызметі барысында Абайдулла Жапаров көптеген марапатқа ие болды. Алайда ол өз іс-әрекетінің басты өлшемі ретінде көпшіліктің мойындауын емес, жеке ұстанымдарына адалдықты санайды.

«Менің өмірлік бағдарларым қарапайым – мейірімділік пен принципшілдік. Адамдарға шын ниетпен, ештеңе күтпестен көмектесу керек. Жасалған жақсылық міндетті түрде қайтады деп сенемін. Дәрігер мамандығының өзі адамдарға қызмет етуді көздейді. Ал принципшілдік ең алдымен өзіңе, өз арыңа талап қоя білуден басталады. Тек содан кейін ғана өзгелерден бір нәрсе талап етуге болады».

Жас ұрпақтың болашағы туралы ой қозғағанда, Абайдулла Мухитдинович адамгершілік құндылықтармен қатар заман ағымынан қалмау қажеттігіне де назар аударады. Оның пікірінше, қазіргі адам үнемі дамып, жаңа білімді игеріп, өзгерістерден қорықпауы керек.

«Ең алдымен, өзіңнің және қоғамның алдында адал болу қажет. Отбасыңды сақта, жақындарыңды бағала және жақсылықтың әрдайым жамандықтан күшті екенін ұмытпа. Бұл кітаптардан алынған жай сөздер емес, өмірлік ұстаным. Әлем қарқынды өзгеріп жатыр. Цифрлық технологиялар дамуда, жасанды интеллект күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналуда. Сондықтан жастар қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмауы керек. Үнемі білім алып, еңбек етіп, дағдыларын жетілдіріп отыру қажет. Бүгін артта қалсаң, ертең қуып жету әлдеқайда қиын болады. Біз Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күрделі жылдарын еске аламыз және еліміздің қаншалықты үлкен жолдан өткенін көріп отырмыз. Ауруханаларымыз бен клиникаларымыздың қалай өзгергеніне, дәрігерлердің қандай мүмкіндіктерге ие болғанына қараудың өзі жеткілікті. Жастарға өз ісіне адал қарап, жаңа білімге ұмтылып, болашаққа сеніммен қарауды тілеймін».

Абайдулла Жапаровтың артында ондаған жылдық дәрігерлік тәжірибе, ғылыми зерттеулер, ұстаздық және қоғамдық қызмет тұр. Осы уақыт ішінде емдеу әдістері өзгеріп, жаңа технологиялар мен заманауи медицинаның мүмкіндіктері пайда болды. Ал адамдарға пайдасын тигізуге деген ұмтылысы мен өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өзгеріссіз қалды. Дәл осы қасиеттер «Адал азамат» тұжырым-дамасының құндылықтарымен үндесіп, оның көпжылдық еңбегінен көрініс табады.

Екатерина Лойченко

Қазақ тіліне аударған: Руслан Мусіреп.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное здесь: https://www.instagram.com/daz_asia

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь