Құрметті отандастар!

Кеше елімізде айрықша мәні бар тарихи оқиға болды. Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын. Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бәріне алғыс айтамын. Cіздер нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дәйекті дамуына зор үлес қостыңыздар. Еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып, өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығымды білдіремін. […]

Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын! Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, ағайын!

Читайте на русском

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia