ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов XII «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіптік көрмесінің ашылуында сөз сөйледі. «Өнеркәсіптік ауысу: сын-қатерлерден жаңа мүмкіндіктерге» тақырыбындағы көрме Екатеринбург қаласында 4-7 шілде аралығында өтеді. Әлихан Смайылов шетелдік кәсіпкерлерге Қазақстанмен өнеркәсіптік кооперацияның артықшылықтары туралы айтып берді.

«ИННОПРОМ» — Ресейде өткізілетін индустрияландыру саласындағы ең ірі көрмелердің бірі. Биылғы іс-шараның серіктес елі — Қазақстан Республикасы. Дәстүр бойынша серіктес елдің қатысу форматына ауқымды ұлттық экспозиция, іскерлік және мәдени бағдарламалар кіреді. Осы орайда қазақстандық экспозицияның ауданы 1 600 шаршы метрді құрады, онда өнеркәсіптің барлық салаларын қамтыған 200-ге жуық отандық компания өз өнімдерін ұсынады.

— Бүгінде Қазақстан мен Ресей кәсіпорындары инновациялық өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға толық дайын. Сондықтан, өнеркәсіптің 7 саласындағы тағы 23 жоба бойынша ынтымақтастықты көздейтін бірлескен іс-қимылдың жаңа бағдарламасына қол қою маңызды екенін ерекше атап өткім келеді, — деді ҚР Премьер-Министрі.
Әлихан Смайылов Қазақстан мен Ресей ғылыми-техникалық, инновациялық және өндірістік салалардағы кооперацияға бағытталған жаңартылған технологиялық базаны құру бойынша өзара іс-қимыл жасай бастағанын еске салды. Үкімет басшысының айтуынша, бұл үшін Қазақстанда өнеркәсіптің өсуін ынталандыру бойынша қажетті құқықтық және институционалдық негіз, оның ішінде шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету тетігі мен ұзақ мерзімді шарттардың құралы бар.

Бұдан басқа, Өнеркәсіпті дамыту қорының мақсаттары, міндеттері мен функциялары қайта қаралды: оның жұмысы жабдықтар мен техниканы сатып алуды лизингтік қаржыландыруға, сондай-ақ жеңілдікті мөлшерлемемен өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды кредиттеуге шоғырландырылатын болады.

— Тұтастай алғанда, бұл шаралар жоғары технологиялық салалардың өсуіне және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ықпал етеді. Сондықтан тарихи қалыптасқан екіжақты байланыстар, қуатты ресурстық база және біздің экономикалық интеграциямыздың артықшылықтары толық көлемде пайдаланылуы тиіс, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia