Әртүрлі мәдениет өкілдері арасындағы өзара сенімді қалай нығайтуға, өшпенділік тілінің таралуына жол бермеуге және күрделі қоғамдық мәселелерді сындарлы талқылауға жағдай жасауға болады? Алматыда өткен сарапшылар кездесуінің негізгі тақырыптары осы мәселелер болды. Жиынға қоғамдық ұйымдардың, ғылыми және журналистік қауымдастықтардың, Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Қатысушылар мәдениетаралық диалогтың, өзара құрметтің және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтаудағы ортақ жауапкершіліктің маңызын талқылады.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Шаңырақ» кафедралар мен орталықтар қауымдастығы жүзеге асырып жатқан «Оңтүстік өңірлерде тілдік және этникалық белгілері бойынша ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаудың кез келген түріне жол бермеу» әлеуметтік жобасы аясында өтті.
Кездесуді «Шаңырақ» кафедралар мен орталықтар қауымдастығы» РҚБ төрайымы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» ғылыми-білім беру орталығының директоры, саяси ғылымдар докторы Наталья Калашникова жүргізді.
Талқылаудан – практикалық шешімдерге
Кездесуді ашқан Наталья Павловна жобаның міндеттері мен практикалық бағыттылығы туралы айтып берді. Бастама Қазақстанның оңтүстігіндегі жеті өңірді қамтиды және өшпенділік тілінің алдын алуға, мәдениетаралық коммуникацияның жаңа тәсілдерін дамытуға мүдделі серіктестерді біріктіреді.
Жоба серіктестерінің қатарында республикалық Достық үйі, Аналар кеңесі, Журналистер клубы, қолданбалы этносаяси зерттеулер институттары және жастар ұйымдарының өкілдері бар.
Наталья Калашникованың айтуынша, баяндамалар мен сарапшылардың сөздері басым болатын дәстүрлі форматтармен шектелмеу маңызды. Қатысушылардың өздері шешім іздеп, оларды нақты жағдайларда сынап көре алатын практикалық сабақтар, тренингтер мен интерактивті іс-шаралардың да маңызы кем емес. Жоба бағдарламасына оқытушыларға арналған білім беру форматтары, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудағы өнердің мүмкіндіктерімен танысу, сондай-ақ Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орны студенттеріне арналған зияткерлік квест кірді. Мұндай тәсіл этносаралық қатынастарды талқылап қана қоймай, жастарды өзекті қоғамдық мәселелерге жауап іздеуге тартуға мүмкіндік береді.
Жауапкершілік әрқайсымыздан басталады
Дискриминацияның алдын алу және этносаралық араздықты қоздыруға жол бермеу мәселелерінің маңыздылығы туралы Alash мектебінің негізін қалаушы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Алина Кан айтты. Ол, әсіресе жастар арасында инклюзивті қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Қазіргі ақпараттық кеңістікте жария сөз тек аудитория алдында сөйлеумен шектелмейді: әлеуметтік желідегі пікір, жарияланым немесе пост та қоғамдық мәлімдемеге айналуы мүмкін. Сондықтан әр адам өз сөзінің салдарын түсініп, жекелеген қақтығыстардың тұтас этникалық немесе тілдік топтарға қарсы айыптауға ұласуына жол бермеуі маңызды.
Егер дау нақты адамдардың арасында туындаса, ол тұтас бір халықты айыптауға себеп болмауы керек. Арандатушылық сипаттағы пікірлерге дер кезінде жауап беріп, олардың ауқымды қақтығысқа айналуына жол бермеу де маңызды. Кездесуге қатысушылар адамның этникалық, тілдік немесе өзге де тиесілігіне қарамастан, оның қадір-қасиетін қорғау қоғамдық келісімнің қажетті шарты екенін атап өтті. Адамдарды бір-біріне қарсы қою әрекеттері өзара сенімді әлсіретіп, қоғамның бірлігіне нұқсан келтіреді.
Отбасы – қарым-қатынас мәдениетінің негізі
Өзара құрметке тәрбиелеу мәселесіне Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессоры, Аналар кеңесінің өкілі Гүлмира Саудабаева ерекше назар аударды. Оның пікірінше, қарым-қатынас мәдениетінің негізі ең алдымен отбасында қаланады. Бала күнделікті қарым-қатынас барысында айналасындағыларды құрметтеуді, өзгенің пікірін тыңдауды және өз іс-әрекетіне жауап беруді үйренеді. Агрессивті мінез-құлық пен төзбеушіліктің себептерін талқылағанда, кінәлілерді тек мемлекеттік институттардан немесе тұтас қоғамнан іздеумен шектелуге болмайды. Мұнда отбасылық тәрбиенің, ата-ананың жеке үлгісінің және ересектердің балаларға жеткізетін адамгершілік бағдарларының рөлі зор. Тегі мен тілі басқа адамдарға құрметпен қарау адамның қоғамдық пікірталастарға немесе жанжалды жағдайларға тап болуынан әлдеқайда бұрын қалыптасады. Сондықтан төзбеушіліктің алдын алу отбасының, білім беру мекемелерінің және қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысын талап етеді.
Ақпараттық себеп шиеленіс көзіне айналғанда
Бұқаралық ақпарат құралдарының өшпенділік тілінің алдын алудағы рөлін Журналистер клубының төрағасы, қоғам қайраткері Алишер Сатвалдиев қарастырды. Ол әлеуметтік желілердегі кәдімгі ақпараттық хабарламаның өзі этникалық сипатқа ие болып кетуі мүмкін екеніне назар аударды. Қысқартылған бейнежазба, дәл емес аударма немесе эмоциялық тақырып оқиғаны қабылдауға әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан бір адамның әрекеті тұтас этникалық топпен байланыстырылып, жекелеген жағдай кең ауқымды жалпылауларға негіз болады. Орыс тілінде және қазақ тілінде сөйлейтін аудиториялар бір оқиға туралы әртүрлі түсіндірмелер алған кезде де қосымша қиындықтар туындайды. Бұл өзара сенімсіздікті күшейтіп, оқиғаның мүлде бөлек нұсқалары бар деген әсер қалыптастыруы мүмкін.
Алишер Сатвалдиевтің пікірінше, ақпаратты жедел жеткізу, әртүрлі тілдердегі хабарламалардың мазмұндық сәйкестігін сақтау және шиеленістің әлеуметтік себептеріне назар аудару маңызды міндеттер болып қала береді. Жұмысқа орналасу кезіндегі әділетсіздік сезімі, сапасыз қызмет көрсету немесе жергілікті органдардың жауап бермеуі наразылықтың туындауына негіз болуы мүмкін. Егер мұндай мәселелер уақытында түсіндіріліп, шешілмесе, олар әртүрлі қосымша түсіндірулерге ұшырауы ықтимал. Мұндай жағдайда журналистер үшін фактілерді тексеру, мәнмәтінді ескеру және эмоциялық баяндаудың оқиғаларды объективті жариялауды алмастыруына жол бермеу маңызды.
Этномәдени журналистика – диалог кеңістігі
БАҚ-тың кәсіби жауапкершілігі тақырыбын Deutsche Allgemeine Zeitung неміс газетінің бас редакторы Олеся Клименко жалғастырды. Ол «БАҚ-тағы өшпенділік тілінің алдын алу: этномәдени басылымдардың рөлі» атты баяндама жасады.
Оның айтуынша, өшпенділік тілі әрдайым тікелей қорлау түрінде көріне бермейді. Кейде ол орынсыз қолданылған сөзден, тақырыптан немесе бір адамның пікірін тұтас топқа телу әдетінен басталады. Сондықтан өшпенділік тілінің алдын алу ең алдымен журналистің тілге, мәнмәтінге және адам тағдыры туралы оқиғаларға жауапкершілікпен қарауын талап етеді.
Адамдардың өздерін қатыстырмай, олар туралы пікір айтпау, мәдени айырмашылықтарды қарама-қарсылыққа айналдырмау және тұтас бір халықтың бір ғана ұстанымы болуы мүмкін деген түсінік қалыптастырмау маңызды.
Бұл жұмыста этномәдени БАҚ-тың рөлі ерекше. Олар белгілі бір қауымдастықтардың тарихы, тілі мен дәстүрлері туралы баяндайды, сонымен бірге елдің ортақ ақпараттық кеңістігінде жұмыс істейді. Олардың міндеті – өз аудиториясымен ғана шектелмей, адамдардың бір-бірін жақсырақ түсінуіне көмектесу.
Қазақстандағы неміс газеті үшін бұл қазақстандық немістердің тарихы мен қазіргі өмірін кең қоғамдық мәнмәтінде көрсету мүмкіндігін білдіреді. Депортация мен еңбек армиясының тарихы, неміс тілін және мәдени мұраны сақтау, бірнеше ұрпақтың тәжірибесі – мұның бәрі тек отбасылық және этникалық жадтың ғана емес, Қазақстанның ортақ тарихының да бір бөлігі.
Жарияланымдардағы кейіпкерлер аясын кеңейту де маңызды. Әртүрлі ұлт өкілдері отбасыларының тарихы, бірлескен білім беру бастамалары, көршілер арасындағы достық, мұғалімдердің еңбегі және жастар жобалары мәдениеттер арасындағы шекараларды емес, олардың тоғысатын тұстарын көруге көмектеседі.
Олеся Клименко тақырыптар мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар үшін жауапкершілік мәселесіне де жеке тоқталды. Егер дәйексөз мәнмәтінінен ажыратылса немесе назар аударту үшін ең эмоциялық детальға басымдық берілсе, тіпті дұрыс дайындалған материалдың өзі жанжал тудыратын сипатқа ие болуы мүмкін. Сондықтан редакциялық жұмыс тақырыпты таңдаудан және тақырыпат құрастырудан бастап, материалды визуалды безендіру мен пікірлер бөліміндегі талқылауға дейінгі бүкіл үдерісті ескеруі керек.
Этномәдени журналистика тек ақпарат беріп қана қоймай, әртүрлі аудиториялар арасында делдал бола алады: тарихи тәжірибені түсіндіреді, мәдени ерекшеліктерді ашады және адамдарға ортақ тіл табуға көмектеседі. Көптілді қоғамда бұл ерекше маңызды, өйткені тек сөздерді ғана емес, мағыналарды да аудару қажет.
Ортақ міндет – өзара сенімді сақтау
Сарапшылар кездесуі өшпенділік тілінің алдын алу тек журналистердің, педагогтердің немесе қоғамдық ұйымдардың міндеті бола алмайтынын көрсетті. Бұл отбасының, білім беру жүйесінің, азаматтық қоғамның, БАҚ пен мемлекеттік институттардың бірлескен күш-жігерін талап етеді.
Осы тараптардың әрқайсысы адамдардың бір-бірін қалай қабылдайтынына, айырмашылықтарға қалай қарайтынына және туындаған қайшылықтарды қалай шешетініне ықпал етеді. Бұл ретте тек түсіндіру жұмыстары мен ортақ қағидаттарды талқылау ғана емес, медиасауаттылық пен ақпаратты тексеруден бастап, білім беру тренингтері мен ашық диалогқа дейінгі нақты практикалық құралдар да маңызды.
Көпэтносты Қазақстанда әр адамның тіліне, мәдениеті мен қадір-қасиетіне құрметпен қарау қоғамдық келісімнің маңызды шарты болып қала береді. Ал бұл қарапайым, бірақ принципті қадамдардан басталады: сөзді дәл қолдану, жауапты шешімдер қабылдау, өзгені тыңдауға дайын болу және жекелеген қақтығыстың тұтас халыққа деген көзқарасты анықтамайтынын түсіну. Дәл осындай күнделікті жұмыс мәдени әралуандылық бөлінудің себебіне емес, өзара рухани байудың негізіне айналатын ортаны қалыптастыруға көмектеседі.
DAZ
Қазақ тіліне аударған: Руслан Мусиреп.
На русском: https://daz.asia/ru/mezhkulturnyj-dialog-kak-osnova-obshhestvennogo-soglasiya/
Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia












