ҚР Үкіметінің кезекті отырысында бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың негізгі тәсілдері қаралды, ол туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген және жыл сайын олардың саны белсенді түрде көбейіп келеді.

АҚДМ басшысы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында берілген тапсырмаға сәйкес БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта журналистік қоғамдастықпен бірлесіп жұмыс тобы құрылды, сондай-ақ БАҚ туралы заңды жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

ҚР Премьер-Министрі қоғамдық пікірді қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сондықтан мемлекет пен халық арасындағы тиімді байланыс құралы болуы үшін баспасөзге оңтайлы жағдай жасау – маңызды мәселе.
– Осыған байланысты әзірленіп жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдістерін ескеруі тиіс. Заң жобасындағы жаңалықтарды үкіметтік емес ұйымдарды, жұртшылықты, сарапшылар мен журналистерді қатыстыра отырып, кеңінен талқылауға шығару қажет, – деп Ә. Смайылов құжатты осы жылдың соңына дейін Парламент қарауына енгізуді тапсырды.

Бұл ретте Үкімет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастыру үшін ашық ақпараттық кеңістікті дұрыс пайдаланып, әлеуметтік желілер мен блогосфераның рөлін ескеру маңызды екенін айтты.

Әлихан Смайылов орталық және жергілікті атқарушы органдарға ведомстволардың салалық қызметіне маманданған спикерлердің сапалы пулын құруды тапсырды. Олар мемлекеттік органдардың қызметі туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы тиіс.

Үкімет басшысының пікірінше, мемлекеттік органдардың ресми өкілдері, баспасөз хатшылары ресми хабарларды берудің жаңа форматына көшуі керек.
Кәсіби «құрғақ» тілде жазылған пресс-релиздерді таратумен ғана шектеліп қалуға болмайды.

Сонымен қатар мемлекеттік органның қызметін әлеуметтік желілерде белсенді жариялап, халықтың сұрақтарына тұрақты түрде жауап беру қажет.


Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia