С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің бірінші проректоры Диляра Қайдарова Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің құрамына кіреді. DAZ басылымына берген сұхбатында Диляра Радиққызы Спорт және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі комиссия жұмысының басым бағыттары, медициналық білім беруді дамыту, бұқаралық спорттың халық денсаулығын нығайтудағы рөлі және аурулардың алдын алудың маңызы туралы әңгімеледі.
– Диляра Радиққызы, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына ену сіз үшін нені білдіреді?
– Мен үшін Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына ену – ең алдымен үлкен жауапкершілік және азаматтарымыздың әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге нақты үлес қосу мүмкіндігі.
Мен үшін Спорт және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысына қатысу ерекше маңызды. Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық құндылықтарды нығайту – қоғамымыздың тұрақты дамуының маңызды құрамдас бөліктері.
Менің кәсіби қызметім ұзақ жылдар бойы медицина, ғылым, білім беру және Қазақстанның онкологиялық қызметін дамыту салаларымен байланысты болды. Бұл тәжірибе физикалық денсаулық, аурулардың алдын алу және жастар тәрбиесі мәселелерін өзара байланысты бағыттар ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттің, білім беру мекемелерінің, медицина қауымдастығының және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру ұлт денсаулығын нығайтуға және патриотизмді тәрбиелеуге бағытталған тиімді бастамаларды әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Халық Кеңесінің мүшесі ретінде өзімнің негізгі міндетімді осыдан көремін.
– Жаңа орган қоғамдық маңызы бар мәселелерді, атап айтқанда, денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды шешуге қалай ықпал ете алады?
– Мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалог бір-бірін тыңдауға дайын болудан басталады. Бұл денсаулық сақтау саласында ерекше маңызды, өйткені денсаулық мәселелері әрбір адамға қатысты.
Менің ойымша, ең тиімді тетіктерге тұрақты қоғамдық талқылаулар, өңірлерде халықпен кездесулер, сараптамалық кеңестер және азаматтардың өтініштерімен жүйелі жұмыс істеу жатады.
Бұл ретте мәселелерді талқылаумен ғана шектелмеу маңызды. Әрбір елеулі ұсыныс қоғамдық бастамадан нақты шешімге дейінгі жолдан өтуі керек, ал азаматтар осы жұмыстың нәтижесін көре алуы тиіс.
Денсаулық сақтау саласында медициналық университеттермен, ғылыми ұйымдармен, тәжірибелі дәрігерлермен және пациенттер қауымдастықтарымен өзара іс-қимылдың маңызы зор. Мұндай тәсіл ғылыми деректерге, кәсіби тәжірибеге және халықтың нақты қажеттіліктеріне бірдей негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Медициналық сауаттылықты арттыру да – маңызды бағыттардың бірі. Адамдар аурулардың алдын алу, оларды ерте диагностикалау мүмкіндіктері және медициналық көмек алу жолдары туралы сенімді әрі түсінікті ақпаратқа қол жеткізуі керек.
– Технологиялардың дамуы мен денсаулық сақтау саласындағы жаңа талаптарды ескере отырып, болашақ дәрігерлерді даярлау жүйесіне бүгінде қандай өзгерістер қажет?
– Денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, молекулалық диагностика және дербестендірілген медицина ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу тәсілдерін өзгертуде. Соған сәйкес медицина кадрларын даярлау жүйесі де өзгеруі керек.
Бүгінде болашақ дәрігерге тек іргелі теориялық білім беру жеткіліксіз. Клиникалық ойлау қабілетін, шешім қабылдау дағдыларын, заманауи технологиялармен жұмыс істеу және кәсіби құзыреттерін үнемі жаңартып отыру қабілетін қалыптастыру қажет.
Практикаға бағдарланған оқыту ерекше маңызға ие. Студенттер оқуын ерте кезеңнен бастап клиникалық тәжірибе жинақтап, пәнаралық командаларда жұмыс істеп, денсаулық сақтау жүйесінің нақты қажеттіліктерін түсінуі керек.
Сонымен бірге медицинаның ең алдымен адаммен жұмыс істеу екенін ұмытпауымыз қажет. Эмпатия, кәсіби этика, жауапкершілік және пациентпен тіл табыса білу заманауи технологияларды меңгеру сияқты маңызды қасиеттер болып қала береді.
Медициналық университеттер сапалы білім беріп қана қоймай, ғылымды дамытып, оқытуды клиникалық тәжірибемен ұштастыруы және елдің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға қатысуы керек. Мемлекеттің міндеті – мамандарды заманауи талаптарға сай даярлауға, клиникалық базаларды дамытуға, оқытушыларды қолдауға және жас дәрігерлердің кәсіби өсуіне жағдай жасау.
Қуатты денсаулық сақтау жүйесі сапалы медициналық білім беруден басталады. Сондықтан бұл салаға салынған инвестиция – халықтың денсаулығы мен елдің болашағына салынған инвестиция.
– Онкологиялық аурулармен күресте ерте диагностиканың маңызы қаншалықты зор? Азаматтардың профилактикалық тексерулерге жауапкершілікпен қарауы үшін не істеу қажет?
– Онкология саласындағы көпжылдық жұмысым барысында уақтылы диагностиканың қаншалықты маңызды екеніне талай рет көз жеткіздім. Ерте сатысында анықталған көптеген онкологиялық ауруларды емдеу әлдеқайда тиімді, ал пациенттердің өмір сапасын сақтап қалу мүмкіндігі жоғары болады.
Қазақстанда сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректалдық обырды скринингтен өткізуге арналған мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Алайда бағдарламалардың болуы өздігінен жеткіліксіз. Азаматтар олардың маңызын түсініп, профилактикалық тексерулерден тұрақты өтіп отыруы қажет.
Көптеген адам медициналық көмекке аурудың айқын белгілері пайда болғанда ғана жүгінеді. Ал онкологиялық аурулардың бірқатары ерте сатысында ешқандай белгісіз өтуі мүмкін. Сондықтан адамдарға аурулардың алдын алу мүмкіндіктері мен тұрақты тексерулердің маңызы туралы жүйелі түрде ақпарат беру қажет. Мұндай жұмысты мектептер мен университеттерден бастап, бұқаралық ақпарат құралдарын, медицина мамандары мен қоғамдық ұйымдарды тарту арқылы жүргізген жөн.
Диагностиканың мамандандырылған түрлеріне қол жеткізу шектеулі болуы мүмкін ауылдық өңірлерге ерекше назар аудару керек. Бұл ретте жылжымалы диагностикалық кешендерді дамыту, пациенттерді тиісті медициналық мекемелерге бағыттау жүйесін жетілдіру және тексерулердің қолжетімділігін арттыру маңызды.
«Қызғылт қазан» халықаралық науқаны аясындағы іс-шараларды қоса алғанда, қоғамдық бастамалардың да рөлі зор. Ақпараттық кездесулер, мамандардың дәрістері, ашық есік күндері және онколог-маммологтардың тегін кеңестері сүт безі обыры туралы хабардарлықты арттырып, уақтылы тексерілудің маңызын еске салуға көмектеседі.
Алайда ең бастысы – денсаулыққа қамқорлық бір реттік акция емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болуы керектігін түсіндіру. Профилактика мен ерте диагностика ерекшелік емес, қалыпты тәжірибеге айналуы тиіс. Осындай тәсіл ауруларды емдеуге басымдық беруден денсаулықты сақтауға және аурулардың дамуына жол бермеуге біртіндеп көшуге мүмкіндік береді.
– Бір жылдан кейін Қазақстан Халық Кеңесі жұмысының тиімділігін қандай нәтижелер арқылы бағалауға болады?
– Кез келген қоғамдық институттың қызметінің тиімділігі ең алдымен өткізілген отырыстар мен талқылаулардың санымен емес, нақты нәтижелерімен бағалануы керек.
Қазіргі уақытта біздің Спорт және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі комиссиямыз іс-шаралар жоспарын жасап, жұмыстың негізгі бағыттары мен басым міндеттерін айқындады. Қызмет бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Ал алғашқы жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар, іске асырылған бастамалар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы есеп ұсынамыз.
Тиімділікті бағалау кезінде қандай бастамалардың іс жүзінде жалғасын тапқанына, қандай ұсыныстар мемлекеттік шешімдер қабылдау барысында ескерілгеніне және азаматтардың өз мүдделеріне қатысты мәселелерді талқылауға қаншалықты белсенді қатысқанына назар аудару маңызды болады.
Сонымен қатар жүйелі өзгерістерге уақыт қажет екенін түсіну керек. Бір жылдың ішінде жинақталған барлық мәселені шешу мүмкін емес, дегенмен алдағы жұмысқа негіз қалап, алғашқы нәтижелерге қол жеткізуге әбден болады.
Мен үшін Кеңес жұмысының басты көрсеткіші – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің нығаюы. Азаматтар өз пікірлерінің ескерілетінін, ал қоғамдық бастамалардың Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты өзгерістерге әкелетінін көруі керек.
Сұхбаттасқан: Екатерина Лойченко.
Қазақ тіліне аударған: Руслан Мусиреп.
Все самое актуальное, важное и интересное здесь: https://www.instagram.com/daz_asia












