Адам еңбегі – тұрақты қоғамның, мемлекеттің дамуы мен ұрпақтар сабақтастығының негізі. Дәл адал, жауапты әрі жасампаз еңбек өз ісіне және ел экономикасын күн сайын қалыптастырып жүрген адамдарға деген құрмет мәдениетін қалыптастырады. Алматы ауыр машина жасау зауыты еңбек әулетінің өкілі Юрий Меркельдің тарихы – адал еңбек, отбасылық жады және өз ісіне деген жауапкершілік туралы әңгіме. Бұл «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі құндылықтарын айқын көрсетеді.
Алматы ауыр машина жасау зауытының цехында уақыт басқаша сезіледі: мұнда ол сағатпен емес, ұрпақтармен өлшенеді. Юрий Евгеньевич Меркель, әмбебап токарь, бүгінде сирек кездесетін еңбек әулетінің өкілі ретінде өз мамандығын дәл осылай қабылдауға үйренген. Оның отбасы үшін зауыт жай ғана жұмыс орны емес, отбасылық тарихтың бір бөлігіне айналған.

Бұл тарих Ұлы Отан соғысы жылдарында басталды. Луганск паровоз жасау зауыты Алматыға эвакуацияланып, әлі толық жабдықталмаған өндіріс алаңына жұмысқа өте жас қыздар келді. Солардың қатарында Юрий Евгеньевичтің әжесі, 16 жастағы Тамара Красильникова да болды. Олар жазда да, қыста да ашық аспан астында миналар мен снарядтар дайындады. Тәуліктік азық мөлшері – 300 грамм нан. Олар марапат үшін емес, Жеңіс үшін еңбек етті.
Соғыстан кейін Тамара Григорьевна майдангер Павел Глухоманьға тұрмысқа шықты. Ол 1948 жылы оралып, зауытқа тіс кесуші болып жұмысқа орналасты. Жұбайы сияқты оның да еңбек кітапшасында жалғыз ғана жазба болды – Алматы ауыр машина жасау зауыты (АЗТМ). Әжесі алғашында токарь болып еңбек етіп, кейін жатақхана коменданты, құрал-сайман қоймасының қызметкері болды, ал Павел Владимирович өмір бойы станок басында жұмыс істеді.
Зауыт келесі ұрпақтың тағдырын да айқындады. Юрий Евгеньевичтің анасы техникумды тәмамдаған соң осы жерге экономист болып жұмысқа келді. Дәл осы жерде ол болашақ жары, токарь-құралшы Евгений Меркельмен танысты. Әр жылдары зауытта басқа да туыстары – әжесінің ағасы мен жиені еңбек етті. Бүгінде мұнда Юрий Меркельдің өзі де жұмысын жалғастырып келеді.
Бір отбасының өмір жолы
Юрий Евгеньевичтің отбасылық тарихы тек АЗТМ еңбек әулетімен шектелмейді. Оның әкесі жағынан атасы Юрий Леопольдович Меркель – Саратов облысындағы Балаково қаласынан шыққан Еділ немісі. Соғыс жылдары ол Қарлагқа түсіп, кейін Семей полигоны аймағындағы Павлодар облысында тұрған. Ақталғаннан кейін Алматыға көшуге рұқсат алып, өмір бойы әртүрлі ұйымдарда бас бухгалтер болып еңбек етті. Оның жұбайы, дон казагы Лидия Ивановна Чурикова, Алматы мектептерінің бірінде хатшы қызметін атқарды. Тағдырлары, ұлттары мен мамандықтары әртүрлі болғанымен, бәрін біріктірген басты құндылық – еңбекке деген құрмет пен өз ісіне деген жауапкершілік еді.

Шебердің жолы
Юрий Евгеньевичтің айтуынша, оны мамандыққа өмірдің өзі алып келген. Бала кезінде атасы мен әжесі оны зауытқа жиі ертіп баратын, кейде тіпті түнгі ауысымға да апаратын. Станоктардың үні, металл иісі, жұмысшылардың әңгімесі оның қалыпты әлемінің бір бөлігіне айналды. 14 жасында ол тәжірибеге «жай ғана байқап көру үшін» келген, бірақ мамандық оны өзіне тартып әкетті.
Бүгінде Юрий Меркель – токарь, фрезеровщик, ажарлаушы, затыловщик және құрал жасаушы. Әртүрлі станоктарда жұмыс істей алатын әрі стандарттан тыс міндеттерді шешетін әмбебап маман. Мұндай шеберлер ұсақ сериялы және дара өндіріс үшін ерекше құнды.
«Сандық бағдарламамен басқарылатын заманауи жабдықтар бір типтегі бөлшектерді жаппай шығаруда тиімді, – дейді шебер. – Ал бізде әр жұмыс жеке, сондықтан мұнда әмбебап станоктар мен адамның шеберлігі шешуші рөл атқарады».
Юрий Евгеньевичтің айтуынша, технологиялар айтарлықтай дамығанымен, адамды толық алмастыра алмайды. Роботтарға да баптау, бақылау және процесті түсіну қажет. Ешбір автомат құралды «сезініп», стандарттан тыс жағдайда өздігінен шешім қабылдай алмайды немесе күрделі жабдықты шебердің қатысуынсыз жасай алмайды.
Болашақты өз қолымен жасау

Жастар туралы айтқанда, Юрий Евгеньевич жұмысшы мамандықтары беделді болуы керек және бола алады деп сенеді. Ол үшін өндірісті дамыту, мемлекеттік қолдау, лайықты жалақы, әлеуметтік кепілдіктер және еңбекті шынайы насихаттау қажет.
«Болашақ – өндірісте. Өз өнеркәсібі жоқ бірде-бір мықты мемлекет өмір сүре алмайды. Бұл – тәуелсіздік, қауіпсіздік және прогресс», – дейді Юрий Меркель.
Оның болашақ ұрпаққа берер кеңесі қарапайым әрі маңызды: еңбектен қорықпау, үйрену, тәжірибе жинау және шынайы әлем адамның қолы мен ақылымен жасалатынын ұмытпау.
Юрий Меркель АЗТМ сақталып, дами береді деп үміттенеді, ал машина жасау саласы бұрынғыдай елден тыс жерлерде де танымал болады деп сенеді. Кезінде зауыт өз өнімдерін әлемнің ондаған еліне экспорттаған еді.
Юрий Евгеньевич Меркельдің тарихы – уақыт, адамдар және металл туралы әңгіме. Еңбектің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, мінезді, дүниетанымды және жауапкершілік сезімін қалып-тасты-ратыны туралы. Және әрбір станоктың артында өз жадысы, отбасы мен тағдыры бар адам тұратыны жайлы.
Автор: Екатерина Лойченко.
Қазақ тіліне аударған: Руслан Мүсіреп.
Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia









