Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезіне бейнебайланыс режимінде қатысты. Сондай-ақ жиынға Тұңғыш Президент – Елбасы, Президент Әкімшілігінің басшылығы, партияның Саяси кеңесінің мүшелері қатысты. Отырысты партия Төрағасының бірінші орынбасары жүргізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен және дауыс беру рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясының Төрағалығына сайлау туралы Съезд қаулысы қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев партияның жаңа көшбасшысы ретінде сөйлеген сөзінде партияны басқаруға ұсыныс жасағаны және қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білідіріп, «Nur Otan» партиясына төрағалық ету аса жауапты жұмыс екенін атап өтті. Мемлекет басшысы қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Елбасының жеке басына қатысты ел ішінде тарап жатқан түрлі жағымсыз әңгімелерге түсіндірме берді: «Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Ол Отанымыздың және әлем тарихында Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде қалатыны сөзсіз. Елбасының 30 жылда ел мүддесі үшін атқарған жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бұл – тарихқа қиянат жасау деген сөз». Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына баға берген кезде тарихи деректерге шынайы түрде сүйенуі қажет: «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық және әлемдік жылнамада Қазақстан Республикасының негізін қалаушы деген атпен қалады. 90-шы жылдардың басында Қазақстанның демографиялық ерекшелігіне және шекарасының шегенделмеуіне байланысты белгілі саясаткерлер мен саясаттанушылар елімізді ыдырап кетеді деп болжам жасаған болатын. Осындай қилы заман, тарихи кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет құру жөніндегі күрделі миссияны өз мойнына алды. Бұл, шын мәнінде, өте ауыр міндет еді».
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Президент қызметінде болсын және партия жұмысында болсын ел мүддесіне берік болу қағидатын ұстанатынын жеткізді: «Nur Otan» – еліміздің негізгі саяси күші. Сондықтан Қазақстанның болашағы үшін, ең алдымен, біздің партиямыз жауапты. Әрқайсымыз осы жауапкершілікті терең сезініп, жұмыс істеуіміз қажет. Шын мәнінде, «Nur Otan» мемлекетшілдер партиясы болуы керек. Ұйым мүшелері мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс».
Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia