Неліктен қазақстандықтар ақшасын бұрынғыдан жиі есептей бастады? Әңгіме тек бағаның өсуінде емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын көпшілік күнделікті азық-түлікке, коммуналдық қызметтерге немесе тұрмыстық қажеттіліктерге қанша қаражат жұмсайтынын аса есептей бермейтін. Бүгінде жағдай өзгерді. Бірі бағаларды әр дүкеннен салыстырады, енді бірі жеңілдіктерді аңдиды, ал кейбірі алғаш рет отбасы бюджетін жүргізе бастады. Мұның себебі түсінікті: ақшаға деген көзқарас өзгерді.

Соңғы жылдары бағаның өсуі қоғамдағы ең көп талқыланатын мәселелердің біріне айналды. Тіпті табыс біртіндеп өсіп жатқанның өзінде, көптеген адамдар бұрынғыдай еркін ақша қалмайтынын айтады. Бұл сезім көптеген қазақстандық отбасына таныс.
Экономистер мұны инфляциямен байланыстырады. Алайда мәселе инфляцияның өзінде емес. Ең маңыздысы – адамдардың экономикалық өзгерістерге қалай бейімделетіні.

Кейде эмоцияға берілген шешім қымбатқа түседі

Белгісіздік күшейген кезде адамдар қаржылық шешімдерді салқын-қандылықпен қабылдай бермейді. Біреулер «ертең тағы қымбаттайды» деген оймен қажет емес дүниелерді сатып алады. Екіншілері кейін бағасы өсіп кетеді деп несие рәсімдеуге асығады. Ал кейбір азаматтар тез пайда табуды уәде ететін күмәнді инвестициялық жобаларға сеніп қалады.

Сол сәтте мұндай шешімдердің бәрі дұрыс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ кейін олардың көбі артық шығынға, қарыздың көбеюіне немесе қаржылық қиындықтарға әкеліп жатады.

Жоғары жалақының өзі әрдайым жеткіліксіз

Көп уақыт бойы қаржылық әл-ауқаттың басты кепілі жоғары табыс деп есептелді. Алайда соңғы жылдар бұл пікірдің толық шындық емес екенін көрсетті.

Тұрақты әрі жақсы жалақы алатын адамның өзі ай соңында қаржы тапшылығын сезінуі мүмкін. Себебі мәселе әрдайым табыстың көлемінде емес. Көп жағдайда ақша қайда және қалай жұмсалатынында.

Қаржылық сауаттылық инвестиция немесе күрделі экономикалық ұғымдардан басталмайды. Ол ең қарапайым сұрақтан басталады: ай сайынғы табысымыз қайда жұмсалып жатыр? Көп жағдайда осы сұрақтың жауабының өзі адамды таңғалды-
рады.

Үлкен өзгерістер шағын әдеттерден басталады

Қаржылық тұрақтылық бір күнде қалыптаспайды. Ол күнделікті қабылданатын қарапайым шешімдердің нәтижесі.

Табыстың белгілі бір бөлігін тұрақты түрде жинақтау. Кенеттен жасалатын сатып алулардан бас тарту. Несие рәсімдер алдында оның шарттарын мұқият салыстыру. Ақша салмас бұрын немесе аударым жасамас бұрын ақпараттың рас-өтірігін тексеру. Осындай қарапайым әрекеттер көп уақыт алмайды. Бірақ дәл солар уақыт өте келе отбасының қаржылық қауіпсіздігін қалыптастырады.

Экономика өзгереді, бірақ дұрыс қағидалар өзгермейді

Бүгінде Қазақстан экономикасы түрлі өзгерістерді бастан өткеруде. Бағалар өзгереді, несие мен депозиттердің мөлшерлемелері құбылады, күнделікті тұтынатын тауарлардың құны да өзгеріп отырады.

Мұндай жағдайда сыртқы факторлардың барлығына ықпал ету мүмкін емес. Бірақ әр адам өз қаржылық шешімдерін басқара алады.

Сондықтан қаржылық сауаттылық бүгінгі таңда тек экономистерге немесе банк қызметкерлеріне қажет білім емес. Ол өз қаржысына жауапкершілікпен қарайтын әр азамат үшін маңызды өмірлік дағдыға айналып келеді.

Инфляция уақыт өте баяулауы мүмкін. Экономикалық жағдай да өзгереді. Бірақ ақшаны дұрыс басқару дағдысы өзінің маңызын ешқашан жоғалтпайды.

Қаржылық сауаттылық – тек үнемдеу емес. Бұл – асығыс шешім қабылдамау, мүмкіндіктер мен тәуекелді бағалай білу және отбасының қаржылық тұрақтылығын сақтайтын саналы таңдау жасау.

Осындай қарапайым дағдылар бүгінгі күні ғана емес, болашақта да әр қазақстандықтың сенімді тірегіне айнала алады.

Материалды Руслан Мүсіреп дайындады.

Поделиться

Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь