АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Томас Уэст Ауғанстан бойынша С5+1 арнайы сессиясына қатысу үшін Астанаға келді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі алаңында өткен сессия аясында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және АҚШ өкілдері гуманитарлық көмек көрсету, адам құқықтарын қорғау, Ауғанстанмен халықаралық ынтымақтастық, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету және терроризмге қарсы күрес бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.
Қазақстан тарапынан қатысқан ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесіне бірыңғай келісілген прагматикалық көзқарастың маңыздылығына сессияға қатысушылардың назарын аударды.
АҚШ-тың арнайы өкілін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров қабылдады. Кездесу барысында америкалық тарап Қазақстан Үкіметінің ауған халқына көмек көрсету бойынша қабылдап жатқан шараларын құптап, әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру шараларын атап өтті.
Қ.Омаров Қазақстан Ауғанстанға көмек көрсету және елдегі күрделі гуманитарлық дағдарыстан шығу жолдарын іздеу бойынша халықаралық күш-жігерді біріктіруді жақтайтынын атап өтті. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің әлеуметтік-экономикалық және сауда-инвестициялық дамыту салаларындағы ынтымақтастығын ілгерілетуге бағытталған Алматыда БҰҰ-ның Аймақтық тұрақты даму орталығын құру туралы бастамасына назар аударылды.
Анықтама: C5+1 – 2015 жылы құрылған аймақтағы бес елдің (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) АҚШ-пен сауда-экономикалық және өзара мүддедегі басқа да салалардағы өзара іс-қимылы жөніндегі аймақтық дипломатиялық платформа.
Все самое актуальное, важное и интересное - в Телеграм-канале «Немцы Казахстана». Будь в курсе событий! https://t.me/daz_asia